Қорғансыздың күні (Әуезов)
Қысқаша мазмұны
Арқалық өңірі, қаңтар айы. Кедей Жақып пен оның ұлы Мұқаш сүзек ауруынан қабат қайтыс болды. Үйде көзінен айрылған соқыр келін, қартайған кемпір және Ғазиза жетім-жесір қалды.
Еркектері өлген соң, ашкөз туысқандары бишара әйелдерді қорлай бастады. Дүйсен атты туысқан Ғазизаны Мәрден деген қатыны жаңа өлген жасы ұлғайған кісіге күйеуге беруді жоспарлады.
Бір күні үйге болыс Ақан мен оның атшабары Қалтай қонақ болып келді. Кемпір оларға жетімдік халін, туысқандардың зұлымдығын баяндап, көмек сұрады. Ақан әңгімені тыңдай отырып, Ғазизаға қызыға қарап отырды.
Түнде Қалтай Ғазизаны қораға алдап шығарды. Қараңғы қуыста Ақан қызды зорлады. Ғазиза жалынып, жалбарынса да, мейірімсіз қара күш рақым ойламады.
Зорлықтан босанған Ғазиза боранға қарамай далаға жүгіріп шықты. Оның көңілінен өмір сүрем деген оттың ақырғы жалыны сөнді. Қыз әкесі мен бауырының бейітіне барып, сол жерде үсіп өлді.
Ертеңінде туысқандары оның денесін екі бейіттің арасынан тапты:
Балалық жүзінде: «Менде жазық жоқ, мен тазамын»,— деген ашық тазалықтың белгісі, қайғы-қасіреттен сейілген жас баланың ажары бар. Жауыздықтың жас құрбаны қасіретке толы өмірінің азапты ақ түтегінен адасып өліп...
Егжей-тегжейлі мазмұндама
Мазмұнның тараулардың бөлінісі — шартты.
Арқалықтың жері мен Күшікбай батырдың тарихы
Арқалық деген жер Уақ пен көршілес үш-төрт болыс елге белгілі болатын. Бұл жер қалаға қатынасатын қара жолдың үстінде орналасқан. Өткен-кеткен керуендер ұзақ жолда шалдығып, шаршап келгенде Арқалықта қонақтайтын. Арқалықтың өзі бұдыры жоқ, жалаңаш жер еді. Жыл сайын қыс басынан қарлы болып, малға панасы жоқ болғандықтан, бауырын жайлаған ел малын өлтіріп, шолақ жұттың құрығынан құтылмайтын. Сондықтан бұл жерді мекен қылған ел көбінесе кедей болатын. Бірақ Арқалықтың егіндігі жақсы болып шығатын — бауыр сыртының шымы тұтас көделі жер болғандықтан, үй басының салған бірлі-жарымды бөлтек егіні тәуір болып, ұзақ қысқа қорек қылатын.
Арқалықтың жолы асатын кезең Күшікбай кезеңі деп аталатын. Дәл дара жолдың аузында, Арқалықтың бір кішілеу биігінің басында тастан үйген оба секілді жалғыз мола бар еді. Сол мола Күшікбай батырдікі болатын.
Өткен-кеткен керуендер Күшікбайдың кім екенін білуші еді. Оларға білдіретін заманның шежіресі — дәурені өтіп кедейлік басқан, көңілсіз салқын өмірге түскен кәрілер болатын. Бұл кәрілер әңгіме айтудан бұрын, азырақ шарт керек қылушы еді. Алдымен күндізгі мазасыз суық пен қар басқан көңілсіз елсіз даладан құтылған болу керек. Өнбейтін азын-аулақ малдың соңынан жүріп, әрі іш пыстырып, әрі қинаған бейнеттен серпіліп, күн бата үйіне келуіне керек. Ақсақал мал қоралап болып, жайланып шайын ішіп, қазанаспаның аузында кейде жылтылдап, кейде лапылдап жанып жатқан отты көріп, бұрқылдап қайнап жатқан еттің исі мұрнына келіп отырғанда, серпіліп әңгіме айтатын.
Міне осындай көңілді жайдың бірінде өткен күндердің көп әңгімесін еске түсіріп отырып, әңгімеші ақсақал сөз арасында Күшікбайдың тарихын сөйлеуші еді. Күшікбай батыр жиырма бір жасында дүние салған екен. Ерте күннен жортуылға аттанып, Уақтың көп батырларының арасында бұғанасы қатпағандығына қарамай, талай қиын-қыстауда ақыл тауып, қажымай қайрат, ерлік көрсеткен. Осындай өнерінің арқасында ерте күннен батыр атын алған екен. Соңғы жылдарда көздеген мақсаты қолбасылық болып, аяғында, оған да жетіп, егескен елінен кегін алып егер қылып жүргенде шешек шағыпты. Шешек ауыр болып, төсекте қозғала алмай көп уақыт жатып қалған. Сол кезде Күшікбай ауырып жатыр дегенді естіп, талайдан өшін ала алмай жүрген Уақтың бір батыры жауының жанын ауыртпақ болып, белдеуде байлаулы тұрған қызыл бес деген атын тал түсте тартып алып кетіпті.
Пәленше атыңды алып кетті деген ағайынның жетімсіген сөзін естігенде жаны шыдамай, ауруымен алысып, жылқыдан ат алғызып, жалаңаш етіне бір шекпенді кие салып, жауының артынан қуып кетіпті. Батырды мұқаттым деп үйіне келіп, жада жайланып, жауы отырғанда, Күшікбай атын ойнақтатып, найзасын түйілтіп, өрт сөндіргендей болып зәрін шашып, жетіп келген. Сол бетімен ауылдағы самсыған сары қолға соғысамын, қан төгемін деп әлек салған. Бірақ жиылған елдің ішіндегі басты адамдар Уақтың баласы бірін-бірі өлтіріп араздаспасын деп, ат шапан айыбымен Күшікбайдың атын қайырыпты. Батыр еліне қайта қайтқанда ауруы меңдей бастап, атқа әрең жүріп, осы күнгі бейіті тұрған биіктің басына келгенде мұршасы құрып, найзасын тіреп аттан түсіпті. Сонан соң басын оңға қаратуға ғана шамасы келіп, жан тәслім қылған. Артынан ағайын-туғаны жылап барса, шешегінің ауыздарын шекпен қажап, қотырының суы шекпенінің сыртына шып-шып шығып кеткен екен дейді.
Батырдың көп мұратына жете алмай, жас күнінде қуаты қайнап, долданып өлгендігінен моласы тұрған биіктің бауырынан боран, ызғар айықпайтын болған екен,— деп, бағанағы кәрі әңгімесін тоқтатушы еді.
Жетім-жесір отырған үш әйел
Январь айының аяқ кезі. Күн батуға тақап қалған мезгіл. Күнбатыс батуға айналған күннің қызғылт сәулесімен нұрланып, қызыл торғынның түсіндей боялып тұр. Аспан ашық. Күні бойы тыныш болған жел Күшікбайдың бауырында ғана ызғырықтап, жаңада жауған көбік қарды жаяу борасындатып тұр. Күннің қызыл сәулесі даланы да, тауды да өз өңіне кіргізген. Күнбатыс жақтан бораған ұсақ қар да күн астынан қызғылттанып көрінеді.
Жоғарыда айтылған Күшікбайдан асатын қара жолдың үстіне Арқалықты бетіне алып, қала жақтан бір пар атты келе жатыр. Жайдақ сары шанаға биіктеп салған жеңіл жүгі бар, жақсы киінген екі жігіт. Сылаң еті бар екі қодыр ат қажығандығын білдірмей, көшір жігіт божы қаққан сайын ығыса жөнеліп, сары желіп келе жатыр.
Жолаушының бірінің торғын тысты жаңа түлкі тымағы бар. Қалың киімнің сыртынан киген мол сұр шапанының жағасы қара барқыт. Аяғында байпағының қонышын барқытпен көмкерген жада дара етік. Алғашқы көрген жерден-ақ мынау мырзасы екен дегізгендей.
Бұл жігіт Ақан мырза еді. Қалаға қазынаның алымын салуға барып, жұмыстарын түгел бітіріп, үйіне қайтып келе жатқан беті. Қасындағы Қалтай ерте күннен жанынан тастамайтын жолдасы. Ақан болыс болғаннан бері қарай атшабар қылып, бұрынғысынан да жақын ұстайтын.
Қалтай аса пысық, сөзге ұста, қалжыңқой, әсіресе Ақанның түндегі жүрісіне өте ыңғайлы, әрі жылпос, әрі тілді ер жігіт еді. Ақан күні бойы жолда көп сөйлемей, бір нәрсені қадалып ойлағандай болып отырды. Бірақ түпсіз терең ойдың түйінін шеше алмай отырған кісінің пішініне түскенмен, Ақанның ойы қай жерде жүретіні белгілі еді. Ол көбінесе осындай қадалып ойлағанда, қиялында бір сұлу әйелдің суретін тауып алып, соған пәлендей деп сөйлесіп әзілдессем, сондай қылып құшақтасам, сүйсем деп, соны ермек қылушы еді.
Жолаушылар күні бойы тоңбай келсе де, кешке жақын күн суытыңқырап, Күшікбай бауырының ызғырығы қатайған соң тоңази бастады. Божы ұстап отырған Қалтай бетін уқалап, кішкене қозғалып, Ақанға қарап: Батыр-ау, мына Күшікбай мені өлтірген шешек — осы Ш. қаласы дей ме? Немене: бір емескі емес, ызғырықтайды да тұрады деп күлді. Ақан да түсі жадыраңқырап күліп, аз сергіп қалды. Біраз уақыт өткен соң тағы да үндемей күні бойғы әдетпен тұнжыраса бастады.
Осылай алыс жолдан жалығып, тоңып, ығы кетіп қырындап келе жатқан жолаушыларға Күшікбай кезеңінің түбінде бір жіңішке қара сызық секілденіп Қанайдың жалғыз қорасы көрінді. Ұзақ жол қажытқан жолаушылар осы болымсыз кішкене сызыққа қарап, қоналқаға келетін үйінің әртүрлі көңілсіз жайларын есіне түсірді. Бұрынғыдан да тұнжырады. Көңілсіздік молайды.
Қанайдың қорасы кезең қасына келгенге шейін жан иесінің мекені екендігін білдірмейді. Иесіз абдырап, ұмытылып қалған бірдеңе секілді. Қорадан жарты шақырымдай жерде басы қара қожалақ болған кішкене төбешіктің үстінде томпайып жатқан бір үлкен кісінің, бір баланың бейіті бар. Жолаушылар өтіп бара жатып, әлгі бейіттерге қарап, ауыздары күбірлеп, тоңған қолдарын көтеріп, беттерін сипап, бата қылды. Күшікбайдың басынан соққан боран жаңадан шыққан бейітті қармен көміп, қараушының көзінен тез жасырудың қарекетін істеп жатыр. Иесінің дүниеге келгенін сездіретін ақырғы белгісі — томпиған бейіт аз уақытта жоғалмақ, із бітпек. Таудан аса соққан жел бейіт тұрған төбешіктің басында, әсіресе, қатты ызғырықтанады; бейіттің тау жағынан топырағын ұшырып, екінші жағына жалданған қармен басып жатыр.
Бейіттен жарты шақырымдай жерде тұрған екі кішкене қора да бейіт секілді мүләйім пішінделген. Тозығы әбден жетіп, ескіргенін төбесі де сездіреді. Қыры кетіп жұмырланған бұрыш-бұрышында үйіліп қалған қорда топырақ, қораның онсыз да аласа бойын жермен-жексен қылып тұр. Жан-жағына үйілген қар, қыс басынан бір күрелмегендіктен, қораның үстіне шығып, біржолата басып алған. Аз күнде қораны көзден жоғалтуға айналған.
Бұл күйден аманырақ болған есіктің ғана алды. Кішкене тар күресіні бар. Қыстау айналасының әлгідей пішінінің үстіне, теріскей жақ бұрышындағы бір қораның төбесі ортасына түсіп, таудан аса соққан боран әлгі тесіктің үстінде ақ түтектеніп, біресе түтін секілденіп ұйтқып, біресе қиыршықтанған ұсақ қарын ішке себездеп төгіп, қораның ішін толтыруға тырысып жатыр. Тау жақтағы пішен қораның ішінде бір-екі шошақтай ғана тапталған аз пішен бар. Бұнда қауырсын жотасының бәрі дар болған бір арық қызыл торпақ және екі-үш жаман тоқты тұр.
Қораның сыртынан білініп тұрған осы секілді көңілсіз күйін көрген адам бишара, мынау қандай сорлының қорасы екен? деп еріксіз айтқандай. Мұны ойлаған адам үйге кіріп, қораны мекен қылған адамдарды көргенде, әлгі ойының шындығына көзі жетуші еді.
Күндізгі біз көрген жолаушылар күн батып, қой қоралаған мезгілде осы қораның алдына келіп тоқтады. Шанадан түсіп, үстерінің қарын сілкіп болған соң, Ақан мырза қораның сиқын көріп, көңілсізденіп: Қалтай, осы үйге қайдан әкелдің? Кісі отырарлық жері де бар деймісің, басқа үйлердің біріне бармай деді. Қалтай атты доғарып жатып: Үндеме, неге әкелгенімді кейін білерсің деді.
Құлағына жайлы хабар тиген соң, Ақан үйге кіруге асыға бастады. Аты доғарылды. Енді қонақтар қараңғы қораның ішіне кіріп, қабырғаны сипалап жүріп есікті тауып алып, үйге кірді.
Үй — ауыз үй, төр үй ретінде салған екі бөлмелі екен. Бірақ ауыздағы бөлме затында үйге арналып салынса да, кәзіргі қалпында үйліктен шығып, әрі шошала, әрі қораның міндетін атқарып тұр. Үйліктің белгісі терезенің жалғыз әйнегін жапсырып қойған тесіктен және жылтылдап от шығып жатқан бір бұрыштағы кішкене қазанаспадан ғана білінеді. Іші қараңғы. Бұрыш-бұрышында аяздаған қар, қабырғасы қара балшықпен сыланған кір. Төбесіне жапқан сырғауыл қарайған, түгел ыстан қап-қара. Терезе жақтағы бір бұрышында жаңа туған бір қозы және арқасына киіз таңып қойған бір арық қызыл торпақ тұр.
Төр үйдің іші бұдан гөрі аз көңілдірек. Көп тұрғандықтан май болып кірлеп, қарайып кеткен кішкене тар тесіктен кіргенде, оң жақ бұрышта ешбір әксіз, ретсіз үйіле салған үлкен пеш бар. Одан жоғары бояуы көшіңкіреген ағаш төсек. Үстінде іждиһатты қолмен жиылған сұрғылт түсті көнетоздау екі-үш көрпе, жастық. Есікке қарсы төрде кішкене жүнаяқтың үстінде екі ескі сандық, үйдің қалған жерінде бөтен ешнәрсе жоқ. Төр дегені екі-үш кез ғана жерге жайылған ескі құрым киіз. Оның үстінде бір-екі ескілеу сырмақ. Үй ішінің барлық жасауы осы.
Бұл үйдің қабырғасы көп жылдардан бері сыланбағандықтан, әр жерінен қара балшығы шығып, кір болып, қожалақтанып тұр. Пештің де өнебойы не күйе, немесе қожалақ болып, кей жерлерінің кәрнезі сынған — о да тозығы жеткендігін білдіргендей. Оңтүстікке қараған екі көзі жамаулы кішкене терезеге тау желі гуілдеп соғып, әр жеріндегі тесігінен тыстағы суық бу болып кіріп тұр. Көздерінің бәрін қырау басқан, аппақ. Пештің қырында тұрған кішкентай жалаңбас лампының жалпылдап жанған болымсыз жарығы үй ішінің қараңғылығын зорға жеңіп, азғана елпілдеп, күңгірт, қызғылт сәулесін түсіреді.
Бұл үйдің барлық жаны — үш-ақ әйел. Пештің жанында біріне-бірі тығылып, бүрсиіп отыр. Әйелдердің біреуі — сексеннен асқан, кәрілігі әбден жеткен кемпір, екіншісі қырықтың шамасындағы әйел, үшіншісі он үш жастағы қыз.
Кемпірдің жасы қартайып, қуаты азайғандығы шын болса да, бетінде ерекше бір қайрат білінеді, еркек пішіндес кесек. Үлкен, жалпақ маңдайлы, қошқар тұмсықтау келген үлкен мұрынды. Тақырлау сұйық қабақтың астынан көрінген кішкене өткір көздері қажыған салқын жанармен жалтылдайды. Маңдайы мен екі ұртына түскен қатпары қалың терең әжімдері өмірінің талай қайғы, талай бейнетіне куә. Бұл кемпір осы үйдің қазіргі қожасы.
Ана әйелдің біреуі — келіні, біреуі — сол келіннен туған немере қызы. Келіннің пішінінде не жақсылығына, не жаманшылығына айғақ болған орасан белгі жоқ: орта пішінді, орташа жаратылған адам тәрізді. Бірақ бұның пішінінде де өзгеден бөтен бір жаттық бар. Қадағалап қараған кісіге ол көрінетін. Тұңғиық қара көздері бір қараған жерден аумай, ылғи жансыздықпен қарап тұрғанына көзі түскен адам бишараның кім екенін айырушы еді. Ол жаңа арада екі көзінен айрылған су қараңғы еді.
Бұл екі әйелге ермек, жұбаныш болып отырған — жас қыз. Ол — сыпайы, нәзік болып өскен Ғазиза: жіңішке сұңғақ бойлы, аз ғана секпілі бар дөңгелек ақсұр жүзді Ғазиза. Көрген көзге алғашқы жерден-ақ сүйкімділігін сездіретін уыз жас. Жалғыз-ақ ұяң, жұмсақ қарайтын қара көзінде және ылғи шытынап, кірбеңдеген қабағында қалың уайымның салған ізі бар. Пішіні мұңды, жүдеу. Жас басына орнаған қайғы, жүрегін жеген дерт сыртына шығып тұр.
Бұл баланың уайымы не? Уайымы — осы үйдегі үш әйелге ортақ болған жесірлік, жетімдік. Бұлардың басынан тағдыр дауылы жаңада ғана соғып өткен. Қораның алдындағы жас бейіттер сол дауылдың салдарынан туған.
Бұл әйелдердің қуаныш-қызығы да, үміт-қорғаны да сол суық қабырға өліктермен бірге көмілген. Ол қабырда жатқан — Ғазизаның әкесі Жақып және жаны: туысқан жалғыз кішкене бауыры — Мұқаш.
Осы бүгінгі кештен бір ай бұрын әкесі мен бауыры қабат жығылып, сүзек болды. Ғазизаның ағам өлсе, күнім не болады деп күндіз-түні бірдей тыным алмай, құдайға құпия сыбырлап, оңаша жерлерде тыста жүріп өксіп-өксіп жылағаны, кемпір әжесінің мойнына бұршағын салып, ата-бабасының аруағына жалбарынғаны себеп болмай, екеуі де өлген.
Иесіз қорада қуатсыз, қорғансыз үш әйел құлазып, зарлап қалғанда, маңайынан жиылған көрші-қолаңы ғазиздерінің сүйегін суық қабырға салғанын ойлағанда, әрқашан Ғазизаның жүрегі шаншып, өңі қашып, көзінен ыстық жасы тамшылап кетуші еді. Бұл бала жасынан көкесінің жалғыздығын, ағайындарының достығы жоқ қаттылығын ойлап, сыртына шығарып ешкімге айтпаса да, сол әкесіне жаны ашып, тілеуін тілеумен өскен. Ол көңілді болған уақытта — бұл да көңілденіп, қуанып отырушы еді. Жасынан сезімді бала; зерделілігімен әкесінің жалғыздығын, шаруасының нашарлығын ұғып, соған қолынан келгенше көмек қылғысы келіп тұратынын сезген соң, үй іші түгелімен Ғазизаны әлпештеуші еді.
Бұрын әкесі тартатын ауыртпалықтың бәрі бұл күнде Ғазизаның өз басына түскен. Еркек істейтін шаруаның бәрін өзі істейтін болып, әлі келгенше үйінің барлық шаруасын ұстап тұрған — өзі. Соңғы аз уақыттан бері бұл қызметінің үстіне, тағы үй ішіндегі бар жұмыс масыл болып мойнына мінді. Бұрын тыстағы шаруасына да көмегі тиіп, үйдегі барлық шаруаны жайлап отырған, шешесі жиырма күннен бері көзінен айрылып, соқыр болды. Жақыптың тірі кезінде көзі анда-санда ауырып қалып: шеп түсті, көз ауру болдым, желге асқынып кетті деп жүре беруші еді. Жақып өліп, көп жылаған соң, сол көзі аз күнде суқараңғы болды. Үй үшінің қайғысы бұрынғысынан да асты.
Жетім-жесірге ес болып отырған кемпір, басынан қара тұман айықпай, үсті-үстіне қайғы жауып, қабат қаза көрген соң, құдайға, тағдырға нанған көңілмен бір уақыт шын жалбарынып, назаланып: Құдай-ау, не күнә сұмдығымнан осындай қазаға душар қылдың? Не жазығым бар еді? деп меңіреу дүниеге сұрақ қоюшы еді. Ауыр өксікпен күрсініп, кеудесін жарған уайымның жалынын, ешкімнен жауап қайтпайтынын білсе де, анда-санда дауыстап айтып отырушы еді.
Кемпірдің туыстары туралы шағымы
Қонақтар шай ішіп, жайланып болды. Кемпір ауыл ақсақалы — басты еркектерше қонақтармен әрнәрсе жайынан жақсы сөйлесіп отырды. Кемпірдің байсалды сөзінен қонақтарын құрметтегісі келіп отырған ықыласын және қайратты жүзін байқаған соң, Ақан да әр нәрсенің жайынан сөйлесуге жалықпайтын сияқтанып отырды. Басында қала жайынан, ел жайынан қысқа-қысқа хабарлар айтып отырған Қалтай еді. Шай артынан екі қонақ көбінесе кемпір сөзіне құлақ салып отырды.
Кемпір, қонағы — бір елдің болысы болған соң, оның үстіне сөзінің салмағы бар жуан ауылдың баласы болған соң, екінші, әрлі-берлі өткенде бірде болмаса-бірде сезім, ісім түсер деп, өзінің баласы өлгеннен бергі жайын білдіріп қоюды ойлады. Осы оймен өзінің жай-күйін айта бастады. Кемпірдің әңгімесі шешен ұғымды тілмен ұзақ айтылды. Даусын біресе тиісті жерде қатайтып, өңін ажарландырып, біресе ақырындап келіп, аяғын сыбырлап жеке-жеке айтып, ұғымды қылып, барынша көңіл-іждиһатпен айтты. Әңгіме әлпеті өлер алдындағы қоштасып отырып айтқан немесе бір үлкен марқабат күткен кісісіне жаны қысылған уақыттағы үміт, тілек айтқан сөзге ұқсайды.
Ақанға қарап, қабағындағы кірбеңі жадырап, сез бастады: Қарағым, біздің хал-жайымыздың шет-жағасын көріп-біліп отырсың ғой деп, тағдырдың барлық суығына, зардабына, азабына шыдаған, шыныққан қайратты, сабырлы пішінмен күрсініп алды.
Біз жетім-жесір қалған панасыз бишарамыз. Барлық дүниенің тауқыметін арқалап қалған жас балам — анау. Мен болсам — сарнаған тілімнен басқа түгім қалмаған... қуарған бір кемпірмін.
Екі көзін алып, құдайым мүгедек қылып қойған келінім — анау. Өзіне күтуші керек қылып отырған ол — бір сорлы. Әрі өтіп, бері етіп жүргенде сондайлық бишаралар еді-ау деп есіне ала жүрсін деп, айтып қояйын деп отырмын. Күндердің күні болып жүдеп-жадап, біреуден зорлық, біреуден қорлық көріп отырған үстіне келсең, көзіңнің қырын саларсың. Жайымды айтып қояйын: ең болмаса — жылы сөзіңді айтарсың. Бөтен елдің жұмысына не сез айтам демессің. Сендердің сөздеріңді тастай алатын Уақтың баласы жоқ қой.
Бұл арада отырған елде адам секілді адам бар ма? Ұрғашы секілді жыбырлаған ұсақ. Қорыққанына ғана жауап беріп, қорықса ғана айтқаныңды істейтін сұмдар емес пе?! Міне — менің Жақыбым өлгеніне екі ай болды. Біреуі туысқан болып: бишара, жайың қандай, шаруаң не күйде деп, есіктен қарады ма екен? Қайта үйімізге келсе, шетінен тысырайып, жуансып келеді. Ылғи жетім-жесір деп қызығып айталап, бір нәрсемізді аузына түсіріп алғысы кеп тұрады. Ұялмағырлар ұялмастан бізді жегісі келіп тұрады. Мен сорлы балам өлгеннен бері солардан көрген зорлығымды айтайын деп отырмын.
Жақып өлді. Одан бір жұма кейін, жығылғанның үстіне жұдырық деп, Мұқашым өлді. Күндіз-түні жылауда болып есеңгіреп отырғанымызда: енді бұл үйдің еркектері кетті, ылғи ұрғашы үй болып отыра алмайды; дүниесін бөліп аламыз; қатындарды әрқайсымыз қолды-қолымызға аламыз деп, балаларымның бет топырағы жасырылмай жатып, суық сөз жүргізді ғой. Баламның тірі күнінде ағайын ішінде жақын көріп, бауырына тартып, қолына түскен азын-аулағының жартысын жырып беріп жүрген жар дегенде-жалғыз сенген Ысмағұл не қылды? Жақып өлгенде бата қылушыларға мен қойымды сойғамын деп, Мұқашым қысылып жатқанда, даладан ет таусылса — сойып аламыз ба деп жүрген жалғыз ту қойымды әкетті ғой.
Мына келініме: Шаруаға ие болатын кісімсіп қоқақтамасын, одан да Жақыпты жоқтауын білсін, малға ие болам деп жүр ме өзі?! деп айтады дейді. Менің балам тірі болғанда соның тіршілігінен аужал алып телміріп отырушы еді. Балақтағы биттің басқа шыққанын көрмеймісің? Бұлар үшін қарағым не көрмеді? дей келіп, қабағын көтеріп күрсініп алып: сол тірі болса, маңына келе алар ма еді? Бәрінің де боғын жуып, жақсысын асырып, жаманын жасырып, адам секілді қылып, осы ауылды адам қатарына қосқан сол емес пе еді? Жоқтығына қарамай үйін — базар, түзін — той қылып, думан қылып отырудан босаушы ма еді. Момындығы, биязы сыпайылығы қандай еді, топырағың торқа болғыр, қарағым!
Мына жамандардың ішінде оның тырнағына татитыны бар ма? Жақыбым осы жолы ауырғанда — солардың кеселінен ауырған жоқ па! Менің қайнымның мылжың Дүйсен деген баласы бар ғой. Қатынша жыбырлағаннан басқа, істейтін адам сияқты бір мінезі, бір ісі жоқ. Жаннан асқан дүниеқоңыз. Үйіне бір қонақ қонса, соған асқан бір жілікке жаны шығып, тыжырынып отырады. Үйіне қонақ қонған күні қатынына тыныштық жоқ: етті көп асасың, мені құртасың деп мыжиды да отырады.
Соның үйіне қыс басында Шұбарадырдың көп ұрыларының біреуі келеді. Мылжың: тамағым жоқ, жатқызатын жерім жоқ деп, түн ішінде, боранда қуып жіберген. Ежелден Уақты кісі ғұрлым көрмейтін; екі сөздің бірінде: Шауып алам, айып алам! деп тұратын. Өктем елдің баласы бұл қорлыққа шыдасын ба? Өлмесең — өрем қап деп далаға тентіретіп жіберген соң, сол түнде келіп, қорасын талқан қылып жарып, төрт-бес семіз қойын, малға мінін жүрген екі атын алып кеткен. Соған өзі іздеп баруға қорқып: Барсам, тағы атымды алып қояды деп, Жақыпқа келді ғой. Сенімен ол елдің басты кісілері таныс, сөзіңді тастамайды. Менің малымды көрнеу қоя беріп отырамысың? деп асылып отырып алды.
Жер-жебіріне жетіп ұрсып: Құдай сүйер қылығың жоқ. Қазанбұзар үй-тентексің. Кісі ығысатын айдының жоқ, неменесіне жуансисың?! Бір күні болмаса бір күні керек ағайыннан жалғыз жілігіңді аяйсың. Жуан болсаң, мықты болсаң, осы Арқалықтың түбінде өткен-кеткен біреумен ырылдасып неменеге отырсың? Дүниенің астын үстіне аударып, сенің болысыңнан оның ұрысы жуан болып отырған Тобықтыға сенің жол үстінде тұрған жаман лашығың жүк болып па?! Өтпес жарлық — бойға қорлық екенін әлі күнге неге білмейсің? деп, жерден алып, жерге салды.
Аяғында, мойнына су құйылып: Өзіңнен басқа сенерім жоқ деген соң, әлгі иттің малын іздеп кеткені ғой, Табандаған жиырма күн жүріп, табанынан таусылып бармаған кісі қоймай, аяғында, бар малын алып келді. Ұрысы жуан ауыл екен. Басында ел кісілерінің сөзіне көнбей, Дүйсен мылжыңның ызасы өткен деп, қасарып болмапты. Сонан соң елдің басшы адамдары: Мұнымен құда бол, әйтпесе малың тимейді деген соң, мылжыңның 9-10-дағы қызын ұры ауылдың соқталдай бір азаматына бермек болып, сөз байлап, малын алып қайтыпты. Сол ұрымен осы күнде бал жаласқан құда болып отыр. Жақып сол жолда суық өтіп, өңі қашып, қу шүберектей болып келді. Артынан, немене, екі-үш күн өткен соң қатты жығылып, төсек тартып жатып қалды. Аяғы, мінекей — мынау болды.
Жә! Сол мылжың осы күнде не істеп отыр де? Менің балам қолының қысқалығына қарамай, анаған да, мынаған да араласып, ертеңді-кеш қарап отырмай, сауда қылатын еді ғой. Біреуден аткөпір қылып алып, біреуге аткөпір қылып беріп жүретін. Кімге не беріп жүретінін білеміз бе? Қарағым, кейде сыр қылып, не істеп жүрсің деп саудасының жайын сұрағанда, күліп: Апа, соны не қыласыз, мен тірі болсам, аштан өліп, көштен қалам деймісіз деп жүре беруші еді. Бүгін басыма күн туған соң біліп отырмын ғой. Әйтпесе ішкен-жегеннен басқаны біліп пе едік?
Жалғыз-ақ өтетінінен бір күн бұрын қолына қағаз-қарындаш алып, есеп-қисабын жазды. Қағазының есеп-қисабын көрсеткенінде, жұрттың айтуынша, бересісіне қарап, аласысы да бар екен. Балам дүние салып жүре берді. Артында қалғанын есептеп отырып, қақ жартысын өзінің жабдығы мен бересісіне шығарттым. Осы күнде қолымызда қалғаны — он шақты тұяқ, екі-үш қана ірі қара. Елдегі аласысын бұл күнде іздеп алар бізде дәрмен жоқ. Сонда жұртқа беретін бересісін есепке салып төлегенде өз елімнің Мәрден деген пұшығына бермек үш қараның сомасындай борышы бар екен. Әлгі құрғыр ойымыздан шығып кетіпті. Он шақты күн болды, сол келіп, малын сұрап жүр.
Біздің қолымызда қалып отырған азын-аулақ малы — мынау. Одан берейік десек, шұбырып кеткелі — біз отырмыз. Қарағымның мойнына қарыз ғып, өзі жинаған азын-аулағын өзінің сауабынан аяйын деп отырғаным жоқ. Жалғыз-ақ дүниесі құрғырдың тарлығы жалтаң көз қылып өлтіріп барады. Елден баламның аласысын жиып алғанша деп сейлессем, жай-жапсарымды айтсам, пұшық тоқтайтұғын. Бірақ соны маған сөйлестірмей, әлгі Дүйсен деген мылжың бар, тағы толып жүрген Бөрала секілді туысқандарымыз — бәрі бас қосыпты.
Сөйлескен сөзі мынау: Мәрден — Тобықтының жуан аулының кісісі, ол ақысын сіңіртпейді. Және ол Жақып үйінің жай-күйін біліп отыр: оларды жылатып ешнәрсе алмайды, түбінде осының пәлесі бізге түседі. Басы аман, малы түгел, Жақыптың отына бірге күйетін жақыны деп бізді ұстайды. Біз бұдан басымызды амандап құтылмасақ болмайды десіпті. Соған жасап отырған айласы не деші? Қарағым, айтуға ауыз бармайтын сұмдық. Тышқанның өлгені — мысықтың ойнағаны деп, ендігісі — қалған көзімнің қарашығы — жалғыз Ғазизамды жылатпақ. Кешегі Жақыптың аруағы лағынет оқымасын, Мәрденді де жылатпайық: биыл бұның қатыны өлген, Ғазизаны соған берейік деп айтады дейді.
Кеселділердің осы сөзін естігенде, мына отырған балам зарлап қоя берді. Осы сөзді айтқанда, кемпір маңайындағы жауыздықтың бәрін айқын көріп, өздерінің сол жауыздықтың қолында бір ойыншық болып отырғанын көріп, ызамен көзінің жасы сорғалап ағып кетті.
Ақан мен Қалтайдың келуі
Ақан мен Қалтай бұл әңгіме айтылып отырғанда жайланып шынтақтап, жантайып жатып, анда-санда көздерін Ғазизаға жіберіп қойып, қадағалап қарап отырды. Кемпірдің сөзін жалықпай тыңдап отырса да, Ғазизаға қарай қалған пішіндерінде көңілдегі бір адалдық пен іштеріне жасырынған жат ойдың белгісі көрініп тұр. Ғазиза анда-санда ауыз үйге шығып, отты қағыстырып және басқа әртүрлі ұсақ шаруаларды қарастырып келіп отырды. Қонақтар алғашқы келгендегі кейіс Ғазизаның қабағынан әлі жадыраған жоқ. Жалғыз-ақ айырықша сыпайылығы және үндемей ақырын жүріп, биязылықпен істеген істері ішіндегі сырын сыртына шығармай, жасырыңқырап отырды.
Кемпір қызарған көзін сүртіп, әңгімесін қайта қозғады. Ендігі даусы ашулы, қатаң келді: Кешегі баламнан қалған жалғыз көзім — бұл жылаған соң, бізде не тақат тұрады. Бұны жылатқан соң, қуарған қу өмірдің не бағасы бар? Сол сөзді айтқызып отырған сұмдарды қарғадым, ұрыстым. Одан басқа біздің қолымызда не тұр? Жыластық, аяғында, сонымен қойдық. Міне: екі-үш күн болды, сол пұшық әлі күнге кеткен жоқ дейді. Енді әлгі мылжыңның қатыны жеңгетай болып жүрсе керек. Менің қарағыма келіп айтады дейді: Шешелеріңе жаның ашыса, Мәрденге барғаның жөн емес пе? Сен жігіт болып, осы үйіңнің жұмысын басқарып отыра алмассың? Одан да өзің біреуге сүйенген болсаң, сен сүйенгенге шешелерің де сүйенеді ғой деп айтады дейді.
Сөзінің қыршаңқысын қарасаңшы! Мен сонда баламды бір пұшыққа бермек пе екем?! Қатынының, мылжыңның өзінің ойы да менің балам көнсе, пұшыққа жетектетіп қоя бермек болса керек. Қасиет бар ма оларда! Кәпірстан болмаса — ойласайшы! Менің үйім — осы ауылдың үлкен үйі. Бүгін сол қара шаңырағының құруға айналып отырғаны — мынау. Қарымағанда, кім қалды? Бұл үйдің жайын ойласа, Тұмсығы тасқа тиетіндей болған жоқ па? Ендігі қалған біз қалқиып: Баламның ізін жоғалтпаймын; орнын сақтап, құранын үзбейміз десек, соны ұқпайды. Ұқса да өзінің құлқыны үшін Осы айтқандарыңды істетпеймін деп анталап, қолымыздағы азын-аулаққа көзі тұнып соны бөліп алуға асығады.
Әлгі менің баламды ана пұшыққа беріп жібермек болып жүргендегі ойы не деші? Қарағым, бүгінгі дүниеге ие болып, қалқиып осы азын-аулақ шаруаны ұстап отырған Ғазиза ғой. Осыны бірдеңе қылып көзден таса қылсам, мына кемпір мен ана көзінен айрылып отырған қатын шаруаны ұстай алмайды; мұнан соң бар малымен, дүниесімен өз қолыма тиеді ғой дейді. Менің баламның жылағаны оларға не керек? Жақыптың аруағы ырза болмай, күңіренгені не керек? Қу құлқынын ырза қылса — болады. Мінекей, Һас жаман қасындағысын қарақтайды деген осы. Көрер көзге моп-момын, мүп-мүләйім боп жүрсе де, ол мылжыңның іші осындай. Кеудесі толған — борсып жатқан бықсыма арамдық.
Артынан естідік-ау, қарағым тағы: Баласы баруға ырза болса — болады деп айтады дейді. Ол ырза болса, қатындарға сөз салмай, баланы міңгестіріп қашырып жібереміз дейтін көрінеді. Мінеки қарағым, осы айтылып отырған дұспанның дұспандығын ойлағанда, ақылымыз алтыға, ойымыз онға бөлінеді. Осылардың осындай қорлығын ойлағанда осы жерде өле қалғым келеді. Кемпірдің көзінен тағы да жас моншақтап домалап алдына түседі. Құдайдың менің өз басымнан, менің ұрпағымнан аяған қазасы бар ма? Жасымда шешем өліп, өгей шешенің қолында қалып, жетімдіктің зарын өзім тартып едім. Содан өмірім жылаудан, күйіктен арылған емес. Енді қартайып, төрімнен көрім жұмақ болғанда құдайдан ертеңгі-кеш тілейтінім: Жақыбымның жаманатын естіртпе, осының алдында ал! деуші едім. Ол тілегімді істемеді деп, көзінен бетіне аққан жасын жеңімен сүртіп, мұрнын сіңбіріп — тілеуі құрыған мен сорлы бұл күйік, бұл дертті көргенше шірісем едім! деп, сөзін тоқтатты.
Кемпір барлық мұң мен шерін айтып отырғанда бір қалып, бір пінімен тыңдап отырған Ақан әңгіме біткен соң басын көтеріп алып, кемпірді жұбатпақ үшін аз сөз айтты. Сөзін шала естірлік қылап ақырын айтқан соң, ұғымсыз бірдеңе болды.
Сезімді адамның жүрегін шаншытып тіксіндіретін... көрнеу жауыздықтар, ауыр халдер Ақанға көп әсер бере қойған жоқ... мына естіп отырған сөзінің бәрі көңіліне таныс, таңғаларлық тамашасы жоқ.
Жалғыз-ақ сол әңгіменің ішінде болып қорлық, ыза шегуші қайраты-қуаты жоқ сорлы кемпірдің өзі айтқандығы аз ғана жүрегінің тыныштық, сезімсіз қалпын бұзғандай болып отырды. Бірақ күндегі өмірінде бұл секілді талай жауыздықты көріп, өзі де сондайлардың ішінде болып жүргендіктен, мына естіп отырған сөзінің бәрі көңіліне таныс, таңғаларлық тамашасы жоқ. Оқып кеткен сабағы секілді болды. Кемпір бәрін айтып жылап, қызы мен келіні ішінен тынып, қайғы жұтып отырған күйін ойлағанда, азырақ сілкінгендей болып: Осыған жанашырлық-ау! деп, жүрегін зорлықпен жұмсатайын десе де, аздан соң сезімсіз салқын қалпына қайта барып отырды. Бұл адамның іші жақсы сезіміне жат болып кеткен бір күңгірт дүние сияқты.
Біраздан соң ас пісті. Кемпірдің сыйламақ болып салғызған тәтті-дәмді тәуір еті қонақтардың алдына келді. Бірталай уақыт өтті. Қонақтар тамағын ішіп жайланып, біраз отырған соң, жатуға ыңғайланып, тысқа шығуға айналды. Кемпір қонақтарды әуелдегі сый көрген, құрметтеген көңілмен Ғазизаға: Қарағым, қонақтардың атына шөп керек қой; өзің шам алып бірге шығып, шөп алатын жерді көрсетіп бер деді.
Ғазиза бұрын ойына ешнәрсе келмесе де, Ақанның көп қарағандығынан сол арада сескеніп, біраз үндемей тұрды. Аяғында, шықпасына болмайтын болған соң, шешесінің сөзіне зорға көніп, қонақтардың артынан бұ да шықты.
Ғазизаның басына түскен қорлық
Ақан Ғазизаның үйінде отырғандағы ажарынан үміттенерлік ешнәрсе көрмеген соң, тысқа шыққанда Қалтайға сыбырлап жасырын бірталай сөз айтты. Қалтай басын изеп, сөзін мақұлдады. Ғазиза бұл оқиғаны көрген жоқ. Артынан біраздан соң Ақан қораның ішіндегі есіктің аузында қалып, Қалтай мен Ғазиза шам ұстап, пішен-қораның ішіне кірді. Пішен-қораның бұл жері қораның ішінен қатынасатын, жаңада желініп жүрген кішкене үңгір еді. Барлық кеңдігі бір-ақ кісі сыйғандай, төбесі аласа бір қуыс. Ғазиза шам ұстап ауызда тұрды. Қалтай пішен-қораның ішіне кірісімен шөпке қарамай, үлкен жұмысы ол емес, басқа нәрсе екенін сездіріп, өңі өзгеріп, өтірік күліп қуланып, әдепсіз мінезге түсіп, ойындағы дайындап алған сөздерін сөйлей бастады.
Ғазизаның алдында сескенген ойы Қалтайдың не айтпағын сезіп, қатты ашуланып, бір жағынан, намыстанғандай болып, сөзінің аяғын бітіртпестен: Сенің ойыңдағы сұмдығыңды білмей тұрмын ба? Аулақ жүр! Мен сенің мазақ қылатын кісің емеспін! деп, лампыны жерге қойып, жөнеле берді. Қалтай күтпеген сөзді естігенде: басындағы күліп тұрған пішінін жия алмай, оның үстіне аңырайып аң-таң болып, ойына ешнәрсе келмей, біраз тұрып қалды. Ғазиза сол бетімен жүгіріп, екінші қораның есігінен шыға бергенде, есік алдында екеуінің сезін естіп тұрған Ақан ұстай алды. Ғазизаның әуелде үрейі ұшып кетіп есін жиып алғанша, Ақан көтеріп пішен-қораның қуысына алып келді. Қалтай шамды өшіріп жіберіп, қораның ішіне қарай кетіп қалды. Дүниені қараңғылық басты.
Ғазизаның үрейі ұшып, жүрегі тулап, есі шыққандай болып, сезімнің бәрі жоғалып, жалғыз-ақ құтылсам-ау! дегенді ойлап, қайта-қайта қатты жұлқынып ұмтылды. Сезімі жоқ, қатты ұстаған мықты қол рақым ойлап жібермеді. Еріксіз өз еркіне көндірді.
Сезімі жоқ, қатты ұстаған мықты қол рақым ойлап жібермеді... Жалғыз-ақ қараңғы қуыста жалынған, жалбарынған, біресе есі кетіп, жүрегі жаншылып, үзіп-үзіп жылаған дыбыстар келеді.
Сезімі жоқ жауыз қара күштің қылған күнәсі мен зұлымдығына қатты тоң жер, суық балшық, көрдей қап-қараңғы дүние куә болды. Қалтай алғашқы бетімен тоқтай алмай, қақпаны ашып тысқа шықты. Жел күндізгісінен қатайған. Күн алақаншықтап қатты борап тұр. Қалтай күресінге таман шығып еді гуілдеп, екпіндеп соққан қатты жел дедектетіп, бетіне ұсақ қар себелеп ығын кетірген соң, қайтадан қораға кірді. Алдынан ентігіп, беті дуылдап қызарып, жаңа болған құмарлықтан бұзылған түрмен Ақан шыға келді. Екеуі де сөйлескен жоқ. Бірақ көңілдегі істерін айтыспай-ақ ұғысты.
Ғазиза зорлықтан босанғанда есі ауыңқырап, көңіліне дүние дүниелігін жоғалтқандай, өзінен алыстап бара жатқандай болып көрінді. Бұл сезім — бұл уақытқа шейін көңіліне келмеген аса жат бір суық сезім. Биіктен тайғанап құлап келе жатқандағы сезімдей бір түрлі шолақ, ұғымсыз. Не қыларын білмей, өксіп-өксіп жылап, жерден басын көтерген қалпында отырып қалды. Бірталай отырған соң, ептеп есі кіре бастағандай болды. Бірақ есі кірген сайын ойына келген нәрсе өзгеше суық түрде. Әуелі әкесі өлгеннен бергі басына түскен ауыр хал түгелімен көз алдына тез елестеп өтті. Ақырында, соқыр болып, мүгедектеніп отырған шешесі; қартайып қайратынан айрылып, кемтар болып отырған кемпір әжесі есіне түсті.
Басында бір ойына келген нәрсе — шешелеріне барлық көрген қорлығын айтып жылап, зарлап жату еді. Артынан әлгілердің әлсіздігін ойлағанда: іші құсаға толып, жас жүрегі жаншылып, бұл күнге шейін көрмеген азабын тартты. Жас күнінен бір үйдің түгелімен еркелетіп, алақанына салған баласы. Ешуақытта қанаттыға қақтырып, тұмсықтыға шоқытқан емес. Жүрегінде ар-ұят та, жігер-намыс та бірге өскен. Кедейлігінен, қорғансыздығынан басқа міні жоқ, салмақты, таза тәрбиелі бала — бұл күнде сол не көріп отыр?
Әкесі өлгеннен бергі: Ә, құдай, біреудің зорлығын, қорлығын көрсетпе! деп тілеген уыз тілегі қайда кетті? Бұрынғы бейнет, бишаралық былай тұрсын, мынау көрген мазақ не? Осынша қорлау, рәсуалау не? Әуелден бергі қазаны көруіне осы қаршадай жас баланың не жазығы болып еді? Бүгінгі өмір бойында құлағы естімеген зорлық, зұлымдықты көруге не жазық қылып еді? Қандай арамдық, не бұзық құлқы болып еді? Ешбіріне жауап жоқ. Бірақ қайда жүрсе де, артынан көлеңкесіндей қалмай жүрген бір сорлылық, бір жылау.
Осы айтылған сөздің бәрін Ғазиза мұндайлық толық қылыш ойламаса да, әрқайсысын көңілмен жүйрік аралап өтті. Осыны ойлаған сайын, жүрегін ыза керней бастады. Көңілдегі күшті намыс сілкініп оянғандай болды. Барша басынан кешірген жетімдікке, бейнетке, жалғыздыққа, қорлық-мазаққа түгелімен қарсылық ойлады. Өмірінде сыртына шықпаған ашу, ыза, намыс барлық еркін билеп, дуылдап басына бір-ақ шықты.
Қорлық, мазақ көрген Ғазизаның көзінен дүниенің барлық қызығы кетті. Жастығына лайық болған үміт, қиялдың бәрі де ойын басқан қараңғылыққа батты, көңіліндегі өмір сүрсем деген оттың ақырғы жалыны сөнді.
Қорлық, мазақ көрген Ғазизаның көзінен дүниенің барлық қызығы кетті. Жастығына лайық болған үміт, қиялдың бәрі де ойын басқан қараңғылыққа батты, көңіліндегі өмір сүрсем деген оттың ақырғы жалыны сөнді.
Ғазизаның көңілін бұл қиял кернеген сайын, үйге кіру керексіз бола бастады. Көңілінде қалған таусыншақ сезімнің ойлатқаны: енді үйге кіріп қайтемін? Үйде мен көретін не қызық қалды? Бишара болған шешелерім ақырғы қайғымды көрмей-ақ, білмей-ақ қойсын! Қайғылы бір сыр көрге бірге-ақ кетсін дегендей болып, тысқа шықты. Күн әуелгі қалпынша: ақтүтек боп борап тұр. Біресе өкіріп, біресе гуілдеп, құтырынып ұйтқып соққан қатты жел Ғазизаға: жүр-жүр! дегендей болып, дедектетіп алып жүріп кетті.
Ғазиза кетіп бара жатып ойланып артына қарап, бишаралықтың кебінін киген кішкене ескі қорасын көрді. Ұйтқып аспанға ұшқан ұсақ қар жүрген сайын көзінен ол қораны жасырып барады. Үстінен үскіріп соққан қатты жел қарды айналасына төгіп, оны да көмбекші. Бишаралық, иесіздіктің таңбасы басылған ескі лашықтың ішінде Ғазизаның балалығы, еркелігі және қайғысы, қасіреті қалды. О да бірге көмілмек. Барлық жүрегіне жылы жақындары, нәзік қылып өсірген ұясы қалды.
Ғазиза енді суық, қатал табиғаттың еркінде. Өмірінің ақырғы қалған жанары қай жерде, қай уақытта сөнері белгісіз. Суық жел жұқа киімнің ішіне кіріп, кеулеп, ығын кетіріп, жауратып, ықтыра бастады. Ғазизаның көңілінде қалған ойдың ең ақырғы бұйрығы: әкесі мен бауырының бейітіне барып, екеуінің арасында отырып зарлау! Дүниеде жетім болып, жалғыз қалғандағы басынан кешірген қасіретін шығару, азабын, дертін айту. Ғазиза бейітті бетіне алып: А, құдай, ендігі бар тілегім — осы көкемнің басына жеткіз! деп жүріп кетті.
Боранда жоғалған Ғазиза
Ақан әуелгі бетінде тысқа шығып, өзгелерден бұрын үйге кіріп жатып қалды. Бірақ тыста болған әңгіменің немен тынарын білмей, біресе күдіктеніп қорқып, біресе азын-аулақ өкінгендей болып, тынышсызданып, қорғалақтап жатты. Ғазиза келетін уақыт болды. Бірақ көп уақыт өтсе де, келген жоқ. Аздан соң кемпір де, келін де: Ғазиза қайда жүр деп таңғалыңқырап жатты, аяғында, тысқа шығуға айналды. Сол уақытта атты суарып келіп, шөбін салып жайлап болған Қалтай да үйге кірді. Үйдегілер түгелімен: Ғазиза қайда? деп шу ете қалды. Қалтай саспаған, сезігі жоқ пішінмен: Бағана кетіп еді ғой, келмеді ме? деді.
Кемпір де, келіні де тынышсыздана бастады. Қалтай бұл жұмыстан ерте бастан өз бастарын арашалап қоймақ болып, әуелдегі айта бастаған сөзінің жөнін баптап ұқтырып, бұл бір пәленің боларын алдын ала білгендей дайындап алған сөздерін сенімді қылып айтып шықты: Мен шөп суырған соң, құдықтың қайда екенін білмей, соны сұрадым. Балаңыз көрсетейін деп, қорадан бірталай жер ертіп шықты. Күн қатты боран болып, суық болған соң, тоңып қалар дедім де, құдықтың бетін біліп алып, үйге қайтарып жіберіп едім. Әлде сонда қораны таба алмай, адасып кетті ме? деп, аналардан бұрын сезіктенгендей, тынышсызданғандай пішінге мінді.
Кемпір мен соқыр ана шошып: Қарағым-ай! Үсіп кетер ме екен? Құдай-ай, тағы неге ұшыраттың? десіп киініп тысқа шығуға айналды. Ақан да басын көтеріп, Қалтайға: Тысқа шық, айналаны қара, айғайлап дабыста, тез бар! деді. Әлсіз, кем-кетік әйелдер бірінің артынан бірі ұстап, өңдері бұрынғыдан да жаман бұзылып, құдайына қайта-қайта сиынып, Қалтайдың артынан ере шықты.
Түтеп тұрған боран Қалтайдың сөзін шынға шығармақ болып құтырып тұр. Есік пен төрдей жердегі қарайған бұлдырап, жөнді көрінбейді. Ұйтқып келіп бетке жабысқан майда қар көзді ашқызбайды. Кемпір күннің түрін көріп, назалы дауыспен: Құдай, тағы төбемнен ұрайын деген екенсің ғой! Қарағым адасты ғой. Ұшып өлді ғой. Аруақтарым, қолдай гөр! Ақсарбас! деп баласын шақырып айғайлай бастады. Келіні де сүйенгені тілеуі, зары болып, қорқып тұрды. Қалтай қорадан ат алып мініп шығып, қайта-қайта айғайлап, шаба жөнелді. Аз жерге бармастан қарасы өшіп, боранмен араласып көрінбей кетті. Айғайлаған дауысы аз-ақ жерге естіліп, аздан соң о да үзілді.
Әйелдер де, дауыстың естілмейтінін білген соң, ішінен зор қауіпке түсіп, зарлап тұрды. Бұлардың бар дәрмені айғай болғандықтан, қайта-қайта айғайласып еді. Көп уақыт өтті. Е, тәңірі, жоқ болды, өлді деп, әйелдер зар салып, дауыс айтып, үйге кірді. Бұрынғы қайғының бәрінен жаңа қайғы күшті болды. Өлді деуге көңілдері қимай, келер деген үмітті көбірек медеу қылайын десе де, көңілге кіріп қалған қорқыныш жүректерін билеп әкетіп отырды. Терезеге түтеп соққан қатты жел бір қалпынан ауған жоқ.
Бірталай уақыт өткен соң дүсірлетіп Қалтай келді. Бірақ үйге жалғыз кіріп келген жерде-ақ енді ешнәрсенің болмағанына көздері жете бастады. Қалтай: Өзім адасып кетіп, ауылды әрең таптым. Еш жерде жоқ деді. Әйелдер сол түні таң атқанша шам жағып, ұйықтамай отырып, құдайдан тілек тіледі. Сиынды, жылады. Бірақ ешбір көмек берген жоқ. Шыдай алмай зар қаққан сорлыларға қыстың ұзақ түні жылдай болып созылды. Ақырында таң атты.
Қонақтар ерте қамданып, жүруге ыңғайланып жатты. Таңертең де қарап, ешнәрсе таба алмаған Қалтай маңайындағы ағайындарына хабар берген. Тұрып алып, тез қамданған соң, Ақан кемпірдің қақсаған зарына шыдай алмай, аттарын дайындап, жүріп кетті.
Жиылған ағайындары көп іздемей-ақ екі жас бейіттің арасында өлік болып қалған Ғазизаның сүйегін тауып алды. Үстіндегі онсыз да жұқа киімдері әр жерге шашылып қалыпты. Ғазизаның шашы азырақ дудырап қапты. Денесінің жартысын қар басқан. Әкесінің бейітіне жабысып, қасіретті өмірдің ақырғы қуатын сол жерде берген екен. Өлер сағатына шейін қабағын басқан қайғы бұл уақытта жадыраған ізі қалған жоқ. Балалық жүзінде: Менде жазық жоқ, мен тазамын деген ашық тазалықтың белгісі, қайғы-қасіреттен сейілген жас баланың ажары бар.
Жауыздықтың жас құрбаны қасіретке толы өмірінің азапты ақ түтегінен адасып өліп, мәңгі толас тапқандай.