Күлтегін жыры (Йоллығ тегін)
Қысқаша мазмұны
Ежелгі түрік қағанаты. Бумын мен Істемі қағандар елді құрып, жауларын жеңіп, жерді кеңейтті. Олар дүниеден өткен соң, орындарына отырғандар елді ыдыратып жіберді. Түріктер табғаш жұртына құл-күң болды.
Көк Тәңірі түрік халқын сақтамақ болып, Ілтеріс қағанды көтерді. Ол он жеті ермен жорыққа шығып, құл болған халықты азат етті. Оның ұлы тақтаға отырып, Білге қаған болды.
Інісі Күлтегін жасынан батыр болып, елін қорғау жолында талай шайқасқа қатысты.
Білге қаған түрік бектеріне үндеу тастады:
Түрік, оғуз бектері!
Құлақ түр!
...
Үстіңе көк Тәңірі
Тау құлатпаса,
Қара жер қақ айырылмаса
Сені кім алатын еді?
Арыстандай ақырып тұрсаң,
Сенің қасына
Кім баратын еді?
Күлтегін қырық жеті жасында қайтыс болды. Білге қаған інісінен айырылып, қатты қайғырды. Дүниеден елшілер келіп, батырдың құрметіне ескерткіш тас орнатылды.
Толық мазмұны бөлімдер бойынша
Бөлімдердің атаулары — шартты.
Бөлім 1. Дүниенің жаралуы және алғашқы түрік қағандары
Алдымен дүние бу менен дым бүріккен алай-дүлей желден тұрды. Қара балшықтай қою түнек серпілді. Жоғарыда жұлдыздар жапсырған, Ай мен Күн ілген аспан пайда болды. Күркіреп, от шашып жатқан таулар мен тастар пайда болды. Желдің әкелген дым мен будан бұрқырап тасқан сулар мен найқалған нулар пайда болды. Сонан кейін Адам шықты. Алтай тауы бесік болып тербеткен, жарқылдаған от пен сарқыраған судың ішінде ержеткен Көк Тәңірінің оғландары – Бумын қаған мен Істемі қаған таққа қонды.
Көк тәңірінің оғландары
Бүкіл түрік жұртының
Арландары мен қабыландары,
Бумын қаған мен
Істемі қаған таққа қонды.
Елімді ел етемін деп,
Жерімді көгертемін деп
...
Атқа қонды.
Бөлім 2. Қабілетсіз мұрагерлер және мемлекеттің құлдырауы
Олар оттай асау, оқтай ұшқыр атқа қонды. Ормандар аңға, өрісі малға толды. Жерінің тегінен май, ағаштарының балағынан бал ағып тұрған ел болды. Сол елдің айналасы түгел дұшпан еді. Екі қаған да емендей берік, бәйтеректей зор, алып болған. Олардың тұсында ел-жұрты молшылыққа малғытып жүзіп, ырыс пен құтқа қарық болған. Сонан кейін олар демдері бітіп өмірден кеткен. Олардың орнына отырған інілері мен балалары бастарында торғайдың миындай ми жоқ жаман-жәутік еді. Көк түрік елінің айбаты өлген, қайраты сөнген.
Бөлім 3. Түрік халқының табғаш құлдығында өмір сүруі
Алдамшы табғаштардың зымиян сөздеріне естері кетіп құлақ салған. Өздерімен өздері жағаласып, шабалаңдап үрісіп, абаласып кеткен. Бесті бұқаның терісіндей берік ел іріп кеткен. Көк Тәңірі тас төбелерінен ұрып кеткен. Сол ел – ел бола алмай құрып кеткен.
Табғаш жұртына
Көк түріктердің
Арыстай-арыстай ұлдары
Қамыстай жапырылып
Күс табан, жалақ ерін
Құл болған.
...
Ару қыздары
Күлді-көмеш күң болған.
Бөлім 4. Түріктердің ашуы және Ілтеріс қағанның көтерілісі
Көк түріктердің ашу-ызасы қара бұлттарды қақ жарған, қып-қызыл найзағайлардай жарқылдап ойнаған. Өзегіндегі оты өртке айналған. Көмейіндегі сөзі сертке айналған. Бірақ олар бастары бірігіп ормандардай болып орындарынан түгелдей бір тұрып кете алмаған. Көк Тәңірі түрік халқы жоғалмасын, құлдықта қамалмасын, ел болсын деген.
Бөлім 5. Ілтеріс пен Ілбілге қатынның жеңістері
Көк Тәңірінің өзі
Әкем Ілтеріс қағанды –
Қуатты болсын деп! –
Қара бұлтқа орап
Төбесіне көтерген.
Шешем Ілбілге қатынды –
Шуақты болсын деп! –
Ақ бұлтқа орап
Төбесіне көтерген.
Қаған әкем он жеті ерді ертіп ап, елдің намысы боп жанған будақ-будақ өртін ап, жортып жөнелген. Қарсы келгенді азу тісімен қарпып, атының алмас тұяқтарымен тарпып тастаған. Таудағы түріктер еңіске құйылған, еңістегі түріктер тауға жиылған, Көк Тәңірге сыйынған. Жеті жүзі қатар құйылғанда жауларын сендердей сапырған, таулардан құлаған селдердей жапырған.
Жауларын
Табандарына салып таптап
Мал қып кеткен халықты,
...
Күлді-көмеш
Күң боп кеткен халықты,
Құлағы кесік
Құл боп кеткен халықты
Азат еткен.
Бөлім 6. Жаңа қаған кезіндегі жорықтар мен жеңістер
Қаған әкем қырқыз, құрықан, отуз татар, қытаң менен татандармен қырық жеті рет жорыққа шыққан. Ас-суын атынан түсіп ішпеген, қылышы қынына түспеген. Жиырма рет соғысқа кірген. Елді болғанды елдігінен айырған, қағанды болғанды қанатынан қайырған. Байлыққа батқан, бақытқа кенелген. Осылай мақсатына жеткен, дүниеден өткен.
Бөлім 7. Әкенің өлімі және ағаның тақ иеленуі
Ағам таққа отырып қаған болды. Елі мен жеріне қара жартастардан соққандай қамал болды. Ерлерінің намысын үрлеп өрт қылды. Кедейін бай етті, азын көп қылды. Мен өзім Тардуш халқын жатқызып-өргізетін шад болдым. Бейшараға қорған, байғұсқа бақ болдым.
Бөлім 8. Елдің гүлденуі және жерінің кеңеюі
Ағам екеуіміз Жасыл өзенді Шантун жазығына дейін, батыстағы қақпаға дейін, Көгмен асып Қырқыз жеріне дейін әскер жүргіздік. Он үш жыл қағыстық, он үш жыл соғыстық. Кеңдік құрғанды кеңдігінен айырдық, елдік құрғанды елдігінен айырдық. Түргіш қаған туысымыз болатын, іргеде жатқан ұлысымыз болатын, тасып кеткен екен. Арғы қандасымыз Он-оқ халқын жақынның мазағынан, дұшпанның азабынан құтқардық. Қадырқан жерін басып жатқан жұртқа айналдық.
Бөлім 9. Түрік және оғыз бектеріне үндеу
Түрік, оғуз бектері! Құлақ түр! Үстіңе көк Тәңірі тау құлатпаса, қара жер қақ айырылмаса сені кім алатын еді? Арыстандай ақырып тұрсаң, сенің қасына кім баратын еді? Енді маңдайыңды тасқа ұр! Өзегіңді өрт етіп, өкін! Жер сабалап жыла! Еліңді көзге ілмедің, қағаныңа қарсы шығып бүліндің! Жарақты жау сені қаңбақтай қуып әкетті. Сүңгілі жау сені жапырақтай жұлып әкетті.
Бөлім 10. Білге қаған мен Күлтегіннің бірлескен ерліктері
Інім Күлтегін екеуіміз әкеміз бен ағамыз ел еткен елді, жер еткен жерді сақтап қаламыз деп түнде ұйықтамадық, күндіз отырмадық.
Түнде ұйықтамадық,
Күндіз отырмадық.
Қызыл қанымызды төктік,
Қара терімізді жүгірттік.
...
Күлтегін екеуіміз
Өліп-өшіп жүріп
...
Елді – қайтадан! –
Ел еттік,
Жерді – қайтадан! –
Жер еттік.
Бөлім 11. Күлтегіннің жасынан бастап көрсеткен әскери ерліктері
Әкем қайтыс болғанда інім Күлтегін жетіге енді толған еді. Шешем Ұмай қатын Күлтегінді батыр етті. Он алтыға толғанда қаған ағамның құрған елін зорайтты. Алты Шуб Сағдат тарапты талқандап бұздық. Табғаш, Оң тұтық қаптап келді. Күлтегін жаяу әскерімен жалын боп тиді. Жиырма бір жасында Чача Сенуіңмен соғысты. Ышбара Жамтар Боз атты мініп шапты. Жегін Селік-Бектің Торы атын мінді. Жауын найза боп жыртып, қылыш болып тілді. Жер Байырқының Ұлығ Іркіңі біздерге қас болды. Оларды да қуып Түргі Жарғұн көліне батырдық.
Күлтегін отызға толды. Қырқызға аттандық. Көгмен тауынан астық. Қырқыз халқын ұйқыда бастық. Олардың қағанымен Суңа жышта жолығыстық. Күлтегін Байырқының Ақ Айғырын мініп шықты. Бір батырын атып түсірді. Екі батырын найзасымен қағып түсірді. Түргіс тарап жаққа алтын жышты кесе жорттық. Ертіс өзенін омыраулап кеше жорттық. Түргіс Болчуда оттай бұрқырап, құйындай құтырып келді. Күлтегін Башгу Боз атқа қонды. Жандарын алып, жанымызды беріп соғыстық. Темір қапыға әскер жүргіздік. Түргіс халқы жау болып Кенерес тарапқа тартты. Күлтегін Алып Шалчы Ақ атын мініп шығыпты. Батырларын түгел жарып кетіпті. Тамақ Ыдық Баста тағы да соғыс болды. Күлтегін отыз жаста еді. Алып Шалчы Ақ атына мініп, екі батырын түйреді. Күлтегін отыз бірге келді. Күлтегін Алып Шалчы Ақ атқа тағы да мініп, Езгіл халқын шапты. Алып Шалчы Ақ аты сол жерде мерт болды.
Бөлім 12. Әйелдер мен халыққа Күлтегіннің маңыздылығы туралы сөз
Ханым-шешем, апаларым, келіндерім, күнікей-қанекейлерім, тірі қалған барша жұрт, құлақ салыңдар! Күлтегін болмаса жаудың қолына түсіп тезек теріп, жапа басатын күң болатын едіңдер, құлағы кесік құл болатын едіңдер, көнбесеңдер күл болатын едіңдер. Соны біліп алыңдар!
Бөлім 13. Күлтегіннің қайтыс болуына байланысты қайғы
Күлтегін інім қайтыс болды. Тауым құлады, жауым қуанды. Қайғыдан өрт шалған қарағайдай қап-қара боп кеттім. Көрер көзім көрместей болды. Білер білігім білместей болды. Сөзімнен зар төгілді. Адам деген өлмес үшін туар ма?! Ащы-тұщыны көрмек үшін туар ма?! Қайғырдым! Күнімді құлаттым, айымнан айырылдым! Қатты қайғырдым!
Күлтегін інім
Қайтыс болды.
Тауым құлады,
Жауым қуанды.
Қайғыдан –
Өрт шалған қарағайдай –
Қап-қара боп кеттім.
Көрер көзім
Көрместей болды.
Білер білігім
Білместей болды.
Бөлім 14. Жерлеу рәсімі және шет елдердің елшілері
Еңіреп егілген Қытаң, татабын бастап Удар Сенуң келді. Қайғыдан қабырғалары сөгілген Табғаш қағаннан Ісиі Лекең келді. Байлықтарының ауызын ашып тастады – алтын, күмісті шашып тастады. Түпіт қағаннан Бөлек келді. Ол да ерек келді. Күнбатыстағы жұрттарынан Нең Сеуң, Оғыл Тарқан жетті. Олар да тартынбай Дарқан жетті. Он оқ оғлым, Түргіс қағаннан Мақраш тамғашы аңырап келді. Қырқыз қағаннан Тардуш Ынанчу Чур зарлап келді. Табғаш Қаған жиені Чан Сеңуң келді.
Бөлім 15. Ас беру рәсімі және ескерткіштің орнатылуы
Күлтегін батыр он жетінші күні қаза болды. Жердің үстінде қайғы, аспанның астында аза толды. Қой жылының тоғызыншы айында, жиырма жетінші күні асын бердік. Балбал тасы мен Бітіг тасын Мешін жылының жетінші айында, жиырма жетінші күні бағыштадық. Күлтегін жанын Көк Тәңірге табыстадық. Күлтегін бұл дүниеден қырық жеті жасында өтті.