Бекторының қазынасы (Әсемқұлов)
Қысқаша мазмұны
Алматы, ≈1990-шы жылдар. Жетім Қайырболды Алматыдағы ресторанда даяшы болып жұмыс істеді.
Бір түні ақшасы жетпеген сұлу қызға көмектесіп, есебін төлеп берді. Қыз оған сегіз миллион доллар тұратын алтын жүзік сыйлады. Кейін қыз өзін Бекторы – ертегідегі перінің қызы екенін ашты.
Бекторы Қайырболдыны жер астына апарып, жүрегін беруін сұрады: жүрексіз болсаң бай боласың деді. Қайырболды келісіп, мәрмәр жүрек алды. Банк иесіне айналды, бірақ қатыгез болды: ата-әжесін ұмытып, борышкерлерді тонады.
Бір күні машинасы баланы қағып кетті. Бала – өз банкі күйреткен отбасының перзенті екен. Қайырболды отбасына залалын қайтарды, Бекторыдан жүрегін қайтарып алып, қорытынды жасады:
Кедей едім. Кедей болсам да көңіліммен бай едім. Бай болдым, Бай болсам да – кедей болдым. Ақшасы көп қайыршы болдым. Тастан сарай салдырдым... Бірақ кеудемдегі жүрегім де тас еді.
Бұның бәрі Сағындық атты тележурналистің түсі болып шығады. Бекторы оған да жолығып, адамдардың бір-біріне бауырмал болуы керек екенін түсіндірді.
Толық мазмұны
Бөлімдерге бөлу шартты түрде жасалған.
Қайырболдының балалық шағы және Алматыдағы ресторанда жұмыс істеуі
Бала кезінде Қайырболды ең жақсы көріп тыңдайтын ертегісі «Ер Төстік» болатын. Әжесі хикаяны айтып болып, міне, осындай да кеп болған екен деп күрсінетін. Түнде түсіне Ерназарды құдықтың жанында ұстап алып азапқа салған Бекторы кіретін. Оянғанда көргенін әжесіне айтатын. Әже ол жын-пері ғой, ойлама, Құдай Бекторыны кездестіргеннен сақтасын деп жұбататын.
Қайырболды есейіп ержетті. Әскерден кейін Алматының орталығындағы ресторанның біріне жұмысқа тұрды. Ет пен көкөніс турап, қамыр илейтін ас үйдің қызметшісі болып бастаған талапты жігіт бес жыл дегенде түнгі ресторанның даяшысы дәрежесіне көтерілген. Бұл егемендік алған кез еді. Ағыны қатты осы азғантай жылдың ішінде қоғам танымастай болып өзгерді. Құдайға шүкір дейтін. Тамақ тоқ, көшеге киіп шығатын бірсыдырғы киім бар. Тапқан-таянғаны қаладан тәп-тәуір пәтер жалдауға да, атасы мен әжесіне жәрдемдесуге де жететін.
Көк көйлекті қызбен кездесу және қымбат жүзікті сыйлыққа алуы
Бірақ көңілдің терең түкпірінде әлдебір мазасыз ой күнінде неше оянып жегідей жеуші еді. Адамдар жаппай өмірдің қызығын кешуге кіріскен. Алматының орталық көшелері қызыл-жасыл шамдармен сәулеленіп түнгі өмір басталды. Қымбат мейрамханаларға қымбат автомобиль мініп келіп түсіп жатқан, ақылға симас қымбат киім киіп, әшекей тағынған адамдар Қайырболдының басын айналдыратын. Әсіресе түнгі кафе-барларға келіп таң атқанша отырып шығарда ақшаны дестесімен төлей салатын бай баласы – көркем қыздар мен көрікті жігіттердің қылықтарын көргенде апырау, бесіктен белі шықпай жатып қона салған бұ қандай бақ деп меңірейіп, бір жағы күйзеліп тұрып қалатын.
Жұмадан сенбіге қараған түн еді. Түн ортасында рестораннан шыққан үш бойжеткен барға келіп отырды. Валютаға ғана сатылатын қымбат коктейль алдырып, өздері ұнататын блюзді қойғызып қойып көңіл көтерген қыздар таң ата есеп айырысқанда бармен жігітпен арада әдептен аспаған, бірақ ыңғайсыз жағдай болып қалған. Қайырболды қыздардың абыржыған түрлеріне қарап ақшаларының жетпей тұрғанын түсінген. Біреуі бұрыннан келіп жүрген сенімді адам. Жұқа көк жібек көйлек киген сұлу қыз барменнің алдына өзінің куәлігін қойып жатқанда шыдай алмай кетті.
Қайырболды қыздардың жанына жетіп барған. Қанша жетпейді деп сұрады. Бармен куәлікті көрсетті. Қайырболды олай болмайды деді. Куәлікті алып иесіне ұсынды. Содан соң барменге қарап қанша жетпейді деп қайта сұрады. Бармен ақшаның сомасын айтты. Даяшының бір айда табатын шайлығы. Қайырболдының іші удай ашыған. Бірақ айтылған сөз – атылған оқ. Сөзге келмей ақшаны санап берді. Қыздардың бірі рыцарьлар әлі бар екен деді. Бәрі риза кейіпте күлген. Көк көйлекті қыз шығар есікте тұрып Қайырболдыға белгі берді. Ыңғайсыз болды деген қыз жанына келгенде. Гаухар орнатылған ауыр алтын жүзікті жігіттің алақанына салды.
Жүзікті Аристархқа сату және миллионер болуы
Қайырболды жүзікті қайтарғысы келді, бірақ қыз алмады. Менің атымды қайдан білесіз деп сұрады жігіт. Секрет деді қыз бұрылып кетіп бара жатып. Әлі кездесеміз деп ойлаймын. Арада екі айдай уақыт өтті. Қыз енді келмейтін шығар деп шешкен Қайырболды бір іске белін буған. Ломбардта сарапшы болып істейтін зергер досы бар еді. Жүзікті соған көрсетті. Дос көкшіл алау шашып тұрған жүзікті көргенде меңірейіп қалған.
Дос жүзікті әлемдік қаталогтан тексертіп беруге уәде берді. Төрт күннен кейін ломбардқа келіп кет деп телефон шалған. Бұларды ақ шашты, ашаң жүзді адам қарсы алды. Ол өзін Аристарх Никанорович деп таныстырды. Бұл өте қымбат жүзік деді. Ақылға симайтындай қымбат. Алайда, өкінішке орай, бірде-бір каталогта аты аталмайды. Сонысымен күмән туғызады деді.
Аристарх жүзікті қолына алып ежіктей түсіндіре бастады. Міне, мынау әдепкідей ақ, сары немесе қызыл алтын емес. Жасылдау, яғни, бұ кеніштен қорытылып алынған алтын емес. Сиқыр арқылы жасалған алхимиялық алтын. Кәдімгі алтыннан екі жүз есе қымбат деді. Ал мынау жер бетінде өте сирек кездесетін гаухар. Зергерліктің тарихында бұндай асыл тас бір-екі ғана жерде айтылады деп түсіндірді. Бұ кем дегенде сегіз миллион доллар тұратын жүзік деді Аристарх. Қайырболды аңырып қалды. Бірақ Аристарх бұндай мүліктің бағасын білетін рынок әлі қалыптаспаған деді. Сондықтан өткізе алмайсыздар деді. Алайда келісуге болады деді. Мысалы, мен сізге жиырма бес процентін бере аламын деді. Жүз жиырма бес мың доллар. Қайырболды келісті.
Қызбен қайта кездесу және оның зәулім үйіне келуі
Пәтерге келгеннен кейін Қайырболды бес мың долларды Сәрсеннің қолына ұстатты. Комиссионныйың деді. Екі аптадан кейін аэровокзалдың жанындағы ескілеу үйден үш бөлмелі пәтер сатып алды. Нотариуске апарып құжаттарын заңдастырды. Әзірге ешкімге ештеңе айтпайын деп ұйғарды. Себебі көңілі алаң болатын. Я бақ, я сор екені белгісіз, әйтеуір түсініксіз бір нәрсенің тақап келе жатқанын сезген.
Арада төрт ай уақыт өткенде бейтаныс қыз бой көрсетті. Тағы да жұмадан сенбіге қараған түн еді. Түн ортасынан ауа барға үш қыз кірді. Қайырболды қайран қалған. Үш қыздың үшеуі сол өткендегідей киінген. Содан соң, таң ата тағы да барменмен шағын дау-дамай болды. Қайырболды күліп қыздардың жанына келген. Сіздерді құтқару менің мамандығыма айналған сияқты деді. Бұ жолы ақшасы көп Қайырболды жап-жаңа жүз долларлық төрт банкнотты барменнің алдына тастай салды. Қыздардың біреуі бұның қолын қысқан. Рахмет сізге. Сіз нағыз жігітсіз деді. Көк көйлекті қыз сізбен оңаша сөйлесуге бола ма деп сұрады.
Екеуі опера театрының жанындағы паркті аралап ұзақ жүрген. Жазғы таң. Ауа қоңырсалқын. Қыз сізге рахмет деді. Міне, бізді екінші рет құтқарып жібердіңіз. Қайырболды күлген. Мен сізді тағы да бір жүзік берейін деп тұр екен десем деді. Қыз да күлді. Жоқ, бұ жолы ондай жүзік бере алмаймын деді. Екеуі скамейкаға отырды. Ал, енді менің бір сұрағым бар деді Қайырболды. Мен сіздердің ақшаларыңыздың жетпей қалғанына ешқашан сенбеймін. Сіздің тастап кеткен жүзігіңіз қанша тұрады, білесіз бе. Білемін деді қыз. Сегіз миллион доллар. Сондай-ақ, әлемдегі ең асыл, ең қымбат әшекейлерді есепке алатын каталогтардың бірде-біреуінде ол жүзіктің жоқ екенін де білемін деді.
Қайырболдының жүрегі әлдебір жамандықты сезіп сыздай ауырған. Алыстан талықсып бір қорқынышты әуен естілгендей болды. Олай болса осындай қымбат мүлік иесінің бір фужер коктейльге ақшасы жетпей қалғанын қалай түсінуге болады деп сұрады Қайырболды. Сіз кімсіз өзі. Жауап беріңіз. Кенет қыз бұның жүзіне тағы да күле қараған. Айтпақшы, пәтеріңіз құтты болсын деді. Қайдағы пәтер деді Қайырболды. Жүзіктің ақшасына сатып алған пәтеріңізді айтам деді қыз шалқая бере сақылдай күліп.
Бекторы өзін таныстыруы және жүрек айырбастау туралы ұсыныс
Қайырболдының ойы сан саққа жүгірді. Мынау алдында отырған қыз әлдебіреуге қызмет қылып жүрген кәззап. Біреулер бұны құртпақ болып осы қызды жалдаған. Жүзікті бұған әдейі берген. Енді осылайша іліндіріп алып, өмір бойы бопсалап қызметіне жүргізбек. Осылайша қор қылмақ. Қателесесіз деді қыз. Мені ешкім де жұмсаған жоқ. Қайырболды тағы да қайран қалған. Мен сізге ештеңе айтқам жоқ қой деді. Айттыңыз не, ойладыңыз не, бәрібір емес пе деді қыз суық жымиып. Ең бастысы көңіліңізде тұр. Бұ қыз адамның ойын оқи алатын болып шықты.
Шарасы таусылған Қайырболды енді жалынуға көшкен. Айналайын, қарындас, айтыңызшы, сіз кімсіз. Менде неңіз бар. Бұ арандатуыңыздың мағынасы не. Сізге не керек деп айқайлады. Қыз тағы да жұмбақ жымиған. Әзірге секрет. Уақыты келгенде естисіз деді. Қайырболды орнынан айқайлай көтерілген. Слушай, атаңа нәлет хайуан. Жоғал әрі. Мен қазір милиция шақырам деді. Милиция дейсіз бе деді қыз. Мынауыңыз жақсы идея екен. Шақырсақ шақырайық. Мен жүзігімнің ұрланғандығы жайлы арыз берем. Аристарх Никанорович менің сөзімді растайды. Өзіңіз ғана емес, абақтыға Сәрсен досыңызбен бірге барасыз деді.
Қайырболды орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Мен сені іздеп келдім, Қайырболды деді қыз аяқастынан сенге көшіп. Жүзіктен басталып төрт айға созылған хикаяның бар сыры осы ақ. Қайырболдының көзінен қос тамшы жас сорғалап түскен. Сіз мені құртуға келгенсіз ғой деді даусы қалтырап. Жо-жоқ деген қыз бұны иығынан сипап. Жүзік турасында қорықпай-ақ қой. Бопсаға бопса қылып айта салғаным ғой. Ұмыт оны деді. Қайырболды қарлығып өз өмірін еске алды. Тыңдасаңыз айтайын деді. Мен әке-шешеден ерте жетім қалып ата-әжемнің қолында өстім. Кедей болдық. Ақырында ережеттім. Тәуір кәсіпке іліндім. Жолым ешқашан оңай болған емес. Өмір бойы өзімнің талабыммен, өзімнің адал еңбегіммен ғана нан тауып жүрген адаммын деді.
Қазақта қорқақ адамды жүрегі жоқ адам дейді... Бірақ сендегі жүрек тек қанды ары-бері айдайтын мүше ғана. Ертеңгі күнді ойлап сарғайған, бітпес үрейден әбден жансызданған бір жапырақ ет қана.
Медеуге баратын жолдың оң қапталындағы қымбат аудандардың бірінде тұрады екен. Екеуі таксиден түсіп қалың бақтың арасымен бұлдырап ұзақ жүрген. Міне, келдік деді қыз, патшаның сарайына бергісіз үш қабат зәулім үйдің ауыр есігін ашып жатып. Ақ, қара, сары, қызыл мәрмәр діңгектер, әр бұрышта зүбәржаттан қашап жасаған алып вазалар, төбеден салбырап тұрған алтын люстралар. Ат шаптырым залда кем дегенде жүз адам сиятын үстел. Ақ дастарханның үсті қисабы жоқ тамақтың, шараптың түрлері. Қайырболдының көзі бұлдырап кетті. Үй өзіңдікі деді қыз. Қалаған уақытыңда келесің, қалағаныңша жайлайсың.
Мәрмәр жүрекпен өмір: байлық, бизнес және қатыгездік
Екеуден екеу отырып жақсылап тамақтанған. Бірнеше даяшы үнсіз қызмет қылған. Ал енді мән-жайды түсіндіріңіз деді Қайырболды сәл шалқайыңқырап отырып. Мені бекерден бекер әкелмеген шығарсыз бұ жерге. Қыз орнынан тұрды. Ер соңымнан деді. Екеуі ұзын дәлізбен жүріп жер астындағы қабатқа түсті. Қызыл ағаштан шауып шыңылтырмен қапталған ауыр есік өзінен өзі ашылған. Бұлар күңіреніп тұрған тағы бір үлкен бөлмеге кірді. Самаладай жарық. Қабырғаны жағалай орнатылған қисапсыз сөрелер. Бұ бөлме осылай созылып барып гиперкеңістікке, яғни, шексіздікке кетеді деді қыз.
Ал, енді танысуға болады деді қыз. Мен Бекторымын. Қайырболды үндемей тұра берді. Иә, иә, сол баяғы перінің қызы Бекторымын деді қыз. Әжең талай айтып берген Ер Төстік. Мен сізден шаршадым деді Қайырболды. Қорыққаннан шаршадым. Қорқатын себебің – сенде жүрек жоқ деді Бекторы. Менің жүрегім ешқайда кеткен жоқ деді Қайырболды түршігіп. Өзімде. Бекторы сәл үнсіз қалды. Қазақта қорқақ адамды жүрегі жоқ адам дейді, менің айтайын дегенім осы ғана деген содан соң. Әрине, сенде жүрек деп аталатын нәрсе бар. Бірақ сендегі жүрек тек қанды ары-бері айдайтын мүше ғана. Ертеңгі күнді ойлап сарғайған, бітпес үрейден әбден жансызданған бір жапырақ ет қана деді.
Байырқа мен байлықта болғың келсе жүрегіңнен құтыл. Бүгінгі бостандық, бүгінгі азаттық пен еркіндік – ақшада. Азат болғың келсе, ерікті болғың келсе, жүрегіңнен құтыл... бәрі де өз қалауыңда.
Қайырболды қинала ойланып тұрып қалды. Түсінем деді Бекторы. Мұрсат берейін. Шыға тұрайын. Бекторы шығып кетті. Қайырболды екі қолымен шекесін сығымдап, меңірейіп қанша отырғанын білмейді. Ата-бабаның аруағы, көмектессеңдер қайда қалдыңдар деді ақырында тістеніп. Міне, мен аяныңды, жәрдеміңді күте-күте шаршаған жетім қозы, өз несібемді татуға кеттім. Содан соң есікке қарап қатты дауыстаған. Бекторы, мен дайынмын. Келісетініңді білдім ғой деді Бекторы кіріп келе жатып. Не істеу керек деді Қайырболды. Ештеңенің де керегі жоқ деді Бекторы. Келіссең болды. Қайырболды оң қолын кеудесіне қойды. Келістім. Жеткілікті деді Бекторы. Жүрегің менде.
Баланы қағып кетуі және ата-әжесінің отбасына көмек көрсетуі
Екеуі салтанат бөлмесіне қайтып келген. Менің үмбетім болдың деді Бекторы. Енді біз осыны тойлап көңіл көтереміз. Даяшылар екі бокалға шарап құйды. Қайырболды орталай ішті. Мұрынның қанындай қою күрең шараптан нешетүрлі жеміс пен жидектің хош иісі шығады. Даяшы тағы толтырған. Бұ жолы түбіне дейін ішті. Содан соң тағы ішті. Тағы ішті. Және ішті. Одан кейін не болғанын білмейді. Көзін ашып өзінің қайда екенін түсінбей ұзақ жатқан. Ақырын тұрып жан-жағына қарады. Аэровокзалдың жанындағы жұпыны пәтеріне мүлдем ұқсамайды. Үйді қарап шықты. Он бір бөлме екен. Бір-біріне ұқсамайды.
Меншік иеленуден бастады. Әуелі өзі жұмыс істейтін ресторанды қаланың маңайындағы, алыс аймақтардағы, ет, көкөніс, жеміс-жидек өндіріп, өсіріп жеткізіп тұратын шаруашылықтарымен қоса сатып алды. Кезінде өзіне теперіш көрсеткен басшыларды, өзіне ұнамайтын адамдарды әй-шайға қарамай жұмыстан босатты. Ешкім қарсылық қылмаған, құжаттарын алып үн-түнсіз кете берген. Сол күні бұның қоластына келіп ресторанның директоры болып бекітілген Сәрсен досы қарсыласып көрмек болды. Қайырболды, кең болсаң, кем болмайсың деген, кешіре салсаң қайтеді деген досы. Бұрынғы жаудан адал дос жоқ, есіңде болсын. Көбінің бала-шағасы бар дегендей. Олар кімді аяпты деді Қайырболды күліп. Керек болса сені де қызметтен босатам. Бар, жұмысыңды істе деді.
Жаза көрмеу адамды аздырады. Бәрін сатып алып үйренген Қайырболды басқада мүдде бар, намыс бар, тіршілік бар деп білмейтін. Жер бетінде мен және менің тілегім мен қалауым ғана бар дейтін.
Бірде, пәленбай уақыт сұранып жүріп қабылдауға әзер ілінген адам келген алдына. Ашаң, ақ шашты. Көзі реңсіз. Әбден шаршағаны, жүдегені көрініп тұр. Кіре өзінің қиын жағдайға ұрынғанын айтып жалынып-жалбарынған.
Несие алдыңыз ғой деді Қайырболды. Қайтарудың мерзімі келді ғой. Иә, келді деді өтініш иесі. Бірақ бизнес сондай нәрсе. Онда прогноз болмайды. Не болатынын алдынала біле алмайсың. Тағы бір мерзім кешеуілдетсеңіз. Мен міндетті түрде қайтарам деді. Кепілге не қойып едіңіз деді Қайырболды. Пәтерім мен бүкіл бизнесімді қойған едім деді ақ шашты адам. Аяңызшы. Мені емес, бала-шағамды аяңызшы. Ертең тентіреп кетеміз ғой. Сіз де қазақтың баласы емессіз бе деді. Жарайды деді Қайырболды. Мына адамның кредитін кешеуілдетуге жарлық шығар деді Сәрсенге. Әрине, жаңа процент белгілеңдер. Ақ шашты адам қуанғанынан жылап жібере жаздады. Рахмет, айналайын деген көзіндегі қаймыжық жасты сүртіп. Бұ жақсылығыңды ешқашан ұмытпаймын. Жақсы. Іске сәт деді Қайырболды.
Көктемнің шуақты күні мейманханада белгіленген бір сырлы кездесуге асығып келе жатқан. Крем түстес Бентли зымырап келіп мейманхананың алдындағы шағын алаңға бұрыла бергенде қатар-қатар тіреудей қылып су шашып тұрған фонтанның тасасынан қолында шелегі бар бір бала жүгіріп шықты. Шопыр тежегішті аямай басқан. Бірақ бәрі де зая екен. Бала соққыдан автомобильдің капотына шықты да екі қолын жайып барып бір қапталға құлап түсті. Не істедің сен деді Қайырболды айқайлап. Неге осынша қатты келдің. Кешіріңіз, аға деді өңі шүберектей қуарған шопыр. Мына жерден атып шығатынын кім білген. Жерде жатқан баланың жанына жұрт жиналып қалды.
Қайырболды жұртты киіп-жарып баланың жанына барды. Тірі ме деп сұрады. Жоқ деді тұрғандардың бірі. Өліп қалған сияқты. Баланың бетіне үңілген Қайырболды кенет айқайлап жібере жаздап, өзін-өзі әрең тежеген. Бала бұның өзінен айнымайды екен. Әзер жүріп машинаның жанына келді. Есікті ашып тағы тұрды. Қайтамыз деді содан соң, отырып жатып. Шопыр сәл аңырып қалды, артынша ұйқыдан оянғандай асығыс машинаны оталдырды.
Үйге жүгіріп кірген Қайырболдының алдынан аспаз әйел шыққан. Мырза деп бастады. Қоя тұрыңыз деді Қайырболды қолын сілтеп. Екінші қабаттағы кабинетке сигара, кофе, коньяк келтіріңіз деді. Аспаз әйел сұрағандарын алдына әкеп қойғанда меңірейіп отырған Қайырболды коньяктің бөтелкесін дереу ашып жөппелдеме бірнеше бокалды толтырып ішкен. Кешкі жаңалықтан көрген шығарсыңдар деді Қайырболды аспаз әйелге қарап. Иә, көрдік деді аспаз әйел. Бірақ біз сенбедік. Сіздің олай етуіңіз мүмкін емес. Байғұс, әйтеуір тірі екен деді аспаз әйел. Мырза, бүгінгі қонақтарға не дайындауымыз керек деді. Қайырболды селк ете қалды. Тірі дейсің бе. Қайда екен деп сұрады.
Аспаз әйел қуанып басын изеген. Иә, тірі. Бірақ ауыр екен. Реанимацияда деді. Қонағыңды қоя тұр деді Қайырболды. Жандосты шақыр. Аздан соң осы үйдің ұланғайыр шаруасын басқаратын адам кірді. Шақырдыңыз ба деді. Жандос, жағдай былай деді Қайырболды. Анау бүгінгі апатқа түскен бала қай ауруханада жатыр соны біл. Содан соң менің атымнан Совминнің ауруханасымен сөйлес те, баланы соның реанимациясына ауыстыр. Қанша ақша, қандай көмек керек, бәрін ұйымдастыр. Тындырғаннан кейін айтарсың деді.
Қайырболды реанимация бөлмесіне кіргенде шашын қырау шалған, жас өңді дәрігер орнынан тұрып қарсы жүрген.
Өтінем деген биязы дауыспен. Реанимация жалғасып жатыр. Бала системаның астында. Бір рет қана қараңыз. Ештеңеге қол тигізбеңіз. Шығып кетіңіз деді. Түнгі шаммен жарықтанған бөлмеге кіріп баланың жанына отырған Қайырболды көпке дейін қарауға жүрегі дауаламай басы салбырап отырған да қойған. Есіктің сыртында тұрған дәрігер жөтеліп белгі бергенде ақырын көз қиығын тастады да ыңырана тербеліп кетті. Бала кезінде өз басынан өткен бір хикмет көз алдына келіп тұра қалған. Жүруге жарағанда баланы үйіне алдырды. Әбден сауыққаннан кейін мән-жайды сұраған. Қаланың түбінде Тұздыбастау деген жерде тұрады екен.
Бұлар бір жағына жантайып жатқан қақпаны ашып кіріп келгенде аулада самауыр тұтатып жатқан кәрі әйел қолындағы кернейді жерге түсіріп алып, аузы ашылып тұрып қалған.
Содан кейін келіп баланы бас салған. Жарығым-ау. Құлыным-ау. Қайда жүрсің. Асылым. Мен сені іздедім ғой. Айрылдым деп жыладым ғой. Жылай-жылай көзім суалды ғой деп жылады. Көршілер жиналып қалды. Жұпыны үйде кешке дейін қонақ болған. Баламды аман алып қалыпсыз. Рахметтен басқа не айтайын сізге деген Жұмағайша қоштасарда. Бар болсам ат мінгізер едім. Батамен алқағаннан басқа не келеді қолдан. Рахмет, ештеңеңіздің керегі жоқ деді Қайырболды. Одан да мен қолқабыс қылайын сіздерге деді.
Ертеңіне кабинетке Сәрсенді шақыртты. Анау әйелдің бүкіл жағдайын білші, қандай көмек керек екен, қалай көмектесуге болады деген досының бетіне қарап отырып. Екі күнде осы шаруаны тындыршы деді. Шеф, оның білетін ештеңесі жоқ деді Сәрсен. Анықтап та қойдым. Бұ, баяғыда, осыдан төрт жыл бұрын бізден кредит алып күйіп кеткен адам. Соның үйелмені. Әйелі, балалары деді. Ол кім деді Қайырболды. Бізден кім несие алмады. Қайсысы есте қалды дейсің. Оның үстіне, мен кейіннен, ірі кредит алатындармен ғана кездестім ғой деді. Есіңізде болар, ақ шашты, ашаң келген адам. Несиені қайтаруды кешеуілдетсеңіздер деп келген деді Сәрсен. Одан кейін не істедік деді Қайырболды. Не істеуші едік деді Сәрсен. Кепілге қойған үйін, бизнесін, бәрін алдық деді.
Өкінішке келуі және Бекторыға қайтып баруы
Қайырболдының санасында бір қақпақ сарт етіп ашылғандай болды. Ақ шашты жүдеу адамның, неше ай тұрып бұның қабылдауына әзер ілінгені, осы кабинетте тұрып қалай жалынып-жалбарынғаны, өзінің ол адамды алдап шығарып салғаны, бәрі есіне түскен. Былай істейміз деді тағы бір сигараны тұтатып. Ересек, кәмелетке толған баласы бар ма деп сұрады. Иә деді Сәрсен. Бар. Бүкіл бизнесін қайырып беру керек деді Қайырболды орнына отырып тез-тез жарлық бере бастады. Бізге кеткен пәтеріне парапар пәтер алып беріңдер. Қаладан. Содан соң баяғыдағы бес жүз мың несиені заңдастырып қолдарына ұстатыңдар деді.
Үйге келгеннен соң кабинетке төсек салдырды. Бірақ ұйықтамады. Көрер таңды көзбен атқызған. Балалық шағын, түрін көре алмай кеткен әкесі мен шешесін, бар-жоғы белгісіз атасы мен әжесін, соңғы аласапыран сегіз жыл өмірін ойлады. Таңертең тастүйін бекінген. Шайын баппен асықпай ішті. Жақсылап қырынып, душ қабылдады. Мұздай киінді. Содан соң машинаға мініп тауға қарай тартқан. Таныс жолмен жүріп отырып іздегенін тез тапты. Зәулім үйдің бөлмелерінде тырс еткен дыбыс жоқ. Сол баяғы байлық пен салтанат. Залда жасаулы дастархан. Ештеңеге қол тигізген жоқ. Дәлізбен жүріп жерасты ұраға келді. Қызыл ағаштан шапқан есік дыбыссыз ашылды. Қайырболды жап-жарық бөлмеге кіріп қабырға бойлай созылған сөрелердің жанына тақаған.
Келдің бе деді таныс дауыс. Қайырболды селт еткен жоқ. Жаймен бұрылды. Бекторы. Иә, келдім деді. Даусы сезімсіз шықты. Білгем деді Бекторы елжірея жымиып. Қайтып келген санаулы адамның бірісің. Сол үшін ризамын. Мыналар ешқашан қайтпайды деді иегімен сөрелерді меңзеп. Жүрексіз жүрген ұнайды екен. Жүрексіз жүргеннен шаршамайды екен, жалықпайды екен. Көбі құрдымның шетінде тұр. Ал көбі құрдымға баяғыда құлап кеткен деді. Кенет жер-дүние солқ ете қалды. Қайырболды жан-жағына қараған. Бұ келе жатқан апаттың белгісі деді Бекторы. Ненің апаты деді Қайырболды үрейленіп. Жанның, рухтың, иманның апаты деді Бекторы. Бекторы, уақыт өтіп бара жатыр деген Қайырболды. Бекторы алақанын Қайырболдының кеудесіне тигізді. Міне, қайтардым деді.
Сағындықтың түсінен оянуы және өз өміріне оралуы
Сол сәт Қайырболдының бойын баяғыда ұмыт болған сезімдер кернеп жөнелген. Қуаныш та, қайғы да, сүйініш те, қамрық пен мұң да бар еді қайтып келген түйсікте. Сыртқа шыққан Қайырболды машинасын көре алмады. Артынша үстіндегі өзінің бұрынғы қарапайым киімін танып, бәрін түсініп, рахаттанып тұрып күлген. Содан соң Медеудің жолымен төмен қарай асығып жөнелді Алматыға. Ол кейін әжесімен кешу айтысады, атасының төрт жыл бұрын дүниеден қайтқанын естіп қайғырады, ақырында өзі сүйген қызға жүрегі дауалап асықтық сөзін де айтады. Бірақ бұның бәрі кейін болады. Ал қазір ол Алматыға, өзінің Алматысына асығып бара жатыр еді.
Сағындық оянғаннан кейін көрген түсін пайымдап өзінің кім екенін есіне түсіре алмай ұзақ жатқан.
Қызық деді мырс етіп. Мен неге түсімде басқа адам болдым. Басқа адам болғанына, Қайырболды деген адам болып өмір кешкеніне зәредей күмән жоқ, себебі сол адам болып туғанына, басында сол тағдырдан басқа тағдыр болмағанына имандай сенді. Себебі, ол жерде Сағындық деген адам жоқ еді. Атымен жоқ еді. Бұ дүниеге жаратылмағандай. Бірақ мен басқа адаммын ғой деді қайран қалып. Неге түсімде менің өмірімнен ешқандай нышан жоқ. Неге Қайырболдымын. Неге ресторанда қызмет қылатын даяшымын. Мен Сағындық Тілешев, шындығында қазақ теледидарында қатардағы тележурналист-редактор болып қызмет етпеуші ме едім деп ойлады.
Бекторымен кездесуі және жүрек туралы философиялық әңгіме
Бір шыны кофе ішіп жұмысқа аттанды. Келе сала күнделікті қарбаласқа кіріп кеткен. Түстің шамасы еді. Көшеге шығып келген қызметтес қыз редакцияға даурығып сөйлеп кірген. Әй, Сағындық, фойеде сені бір қыз тосып тұр. Такая красавица. Еркек түгілі әйел ғашық болғандай деді. Сағындық шашын асығыс түзеп жіберіп сыртқа беттеді. Теріс қарап тұрған қызды бірден таныған. Селт еткен жоқ, қорыққан жоқ. Амансыз ба, Бекторы деді. Бекторы бұрылып жылұшырай күлген. Амансың ба, Сағындық деді. Екеуі сыртқа шықты. Қайда барамыз деді Сағындық. Кавалер деген атың бар емес пе деді Бекторы. Осы маңайдағы бір кафеге барайық. Қарсы болмасаңыз Алматы ресторанына барайық деді Сағындық қызға қолын ұсынып.
Күн едәуір ыстық болғанымен ресторанның іші салқын екен. Даяшы дастархан мәзірін алдарына қойып кетіп қалды. Мен шай ішсем болады деді Бекторы. Сағындық жеңіл-желпі тамаққа тапсырыс беріп, шылымын тұтатып, орнығып отырды. Сенің күйіңді түсінем деген Бекторы аз үнсіздіктен кейін. Менің іздеп келіп саған жолығуым, одан кейін басыңнан өткен өткелек, бұның бәрі ақылыңа әзер сиып тұр. Сұрақ сұрауға бойыңдағы туабітті мәдениетің жібермейді. Сол себепті барлығын мен өзім айтып берейін деді.
Адам, періштеге теңескен ізгі еді, иманды еді, ақылы қиырдағыны шалатын кемел еді. Бірақ осы әлемдік, ғарыштық апаттан кейін адамзат бақытсыз болып қалды. Ақылы кеміс, жарымжан болып қалды.
Жанында жамандық тұрмаса жақсылықтың жақсылық екенін қайдан білесің. Қарсысында жалған мен өтірік тұрмаса ақиқаттың ақиқат екенін нендей тиянаққа сүйеніп білдің. Жолдың серті – адасу...
Бұрын жақсылығы асып-төгілген, төңіректегі жұрттың бәріне пана болып, шарапаты жеткен қазақ, енді өзіне қайырым қыла алмай отыр... Ұрпақ ендігі жерде бір-біріне осындай бауырмал болмаса...
Бекторы орнынан тұрды. Аман бол, Сағындық деді. Бекторы, кетпеңізші деді Сағындық меңірейіп отырып. Мені кетеді деп кім айтты деді Бекторы жымиып. Мен сенімен ғана амандасып тұрмын. Өйткені саған енді менің керегім шамалы. Мен елден кетпеймін. Ешқашан да. Перінің қызы Бекторы қазаққа әманда керек деді. Есікте бір сәт қана бөгеліп, қолын бұлғады. Содан соң басын биік ұстап, шығып жүре берген. Сағындық түнгі ресторанға келіп шеткі столға отырған. Терезенің алдында сөйлесіп тұрған қыздардың біреуі жанына келді. Не бұйырасыз деп сұрады. Маған Қайырболды қызмет қылса деп едім деді Сағындық. Оның үстелі қай жерде. Даяшы қыз таңдана қараған. Қайырболды дейсіз бе. Ол кім деді. Енді Сағындықтың таңданатын кезегі келді. Кімі қалай. Осы ресторанда жұмыс істейтін даяшы деді. Даяшы қыз әдеппен жымиған. Кешіріңіз, бұ бір түсініспеушілік. Қайырболды деген даяшы бізде ешқашан болған емес деді.
Сағындық орнынан тұрды. Жарайды, мазалағаным үшін кешірім өтінем деді. Отырыңыз, дәм татыңыз деді меңгеруші. Келесі жолы деді Сағындық сыртқа беттеп. Көңілінде ешқандай күмән, ешқандай сауал қалмаған. Сен пері емессің – періштесің деген, самаладай жарқыраған Алматының түнгі көшелерін тамашалап келе жатып. Жаса, Бекторы деді.