Алпамыс батыр (Шайхысламұлы)
Өте қысқаша мазмұны
Бұрынғы заманда Жиделі Байсын жерінде, Қоңырат елінде Байбөрі деген бай өмір сүрді. Ол малға бай болса да, перзентке зар еді. Байбөрі күні-түні Құдайдан бала сұрап жалынды. Бір күні Бабай Түкті шашты Әзіз деген әулиеге барып, тілегі қабыл болды – оған бір ұл, бір қыз берілді. Ұлының атын Алпамыс, қыздың атын Қарлығаш қойды.
Алпамыс он жасқа келгенде Қоңырат елінің хәкімі болды. Ол өзіне тіл тигізген Ұлтан деген құлдың құлағын кесіп, табанын тіліп қойға салды. Бір күні кемпір Алпамысқа Қытайға қашып кеткен қайын атасы Сарыбайдың қызы Күлбаршын сұлу туралы айтты. Алпамыс әскер жиып, қырық құл, қырық күңмен қатынын алып келді.
Алпамыс үйіне оралғанда жылқысын Тайшық деген қалмақ ханы алып кеткенін білді. Әкесі Байбөрі оны жылқының артынан жіберді. Алпамыс Тайшық ханға қарсы жолға шықты. Жолда мәстек кемпір оны алдап, арақ ішкізіп мас қылды. Қалмақтар Алпамысты тұтқынға алып, қырық құлаш зынданға салды, Шұбар атты темір үйге байлады.
Алпамыс жеті жыл зынданда жатты. Қаракөзайым деген қыз оған көмектесіп, зынданнан шығарды. Алпамыс қалмақтарды жеңіп, Тайшық ханды өлтірді. Ол Қаракөзайымды некелеп, Кейқуатты хәкім қылып қойып, еліне қайтты.
Алпамыс еліне келгенде Ұлтан құл хан болып, әкесін түйе бағуға, бабасын қой бағуға салғанын, ұлы Жәдігерді қозы бақтырып, қатыны Күлбаршынды алмақ болғанын білді. Диуана болып келген Алпамыс әкесі Байбөрімен, бабасы Құлтаймен көрісті.
Атеке, келдім өзіңе,
Не бересің сүйінші
Енді менің өзіме?
Таныр ма едің балаңды,
Бір көрсетсем көзіңе?
Қарағым менің нар еді,
Ғаріптің көңілі тар еді.
Қарағымның белгісі –
Жауырынның үстінде
Дөңгелек қалы бар еді.
Алпамыс Ұлтанның тойына келіп, Бадамша деген сақау қатынмен айтысты. Ол Күлбаршынмен көрісіп, Ұлтанды өлтірді. Алпамыс елін жиып, ата-анасын қалпына келтіріп, әкесін таққа отырғызды.
Толық мазмұны
Бөлімдерге бөлу шартты түрде жасалған.
Байбөрінің баласыздан қасіреті және әулиеден көмек тілеуі
Бұрынғы заманда, дін мұсылман аманда, Жиделі Байсын жерінде, Қоңырат деген елінде Байбөрі деген бай өмір сүрді. Ол малға бай болса да, бір перзентке зар еді. Байбөрінің Құлтай деген немере ағасы да перзентке зар болды. Байбөрінің әкесі, Құлтай және Шыныбай деген үшеуі бір тума болатын. Шыныбай қатынымен өліп, Тортай деген бір ұл қалдырды, оны Құлтай асырап алды.
Байбөрі малдарын аралап жүріп, перзент дағынан қасірет қылды. Ол далада жүріп, әр күні жылап айтатын: «Менің ұлым болса, осы малдың қызығын көрер еді, мына жорғаларды мінер еді, менің өзім өлсем бұ мал кімдікі болып кетеді». Байбөрі Құдайға жалбарынып, бала сұрап жылады.
Бір перзенттің жоғынан
Дәйім қайғы жер екен.
«Көзім ашық дүниеден
Өткенім бе?» дер екен.
Байбөрі Хаққа налыды:
– Алмадың, Алла, жанымды,
Қайтып шыдап жүремін,
Бір баланын жоғынан
Алпамыстың туылуы және Ұлтанның қорлығы
Сол кезде Құлтайдың Тезекші қара күңнен бір ұл туды. Байбөрі баланы үйге әкеліп, той жасап, Ұлтан деп ат қойды. Ұлтан өскен соң зор денелі, ақымақ болды. Ер жеткенде Байбөріге тіл тигізіп, ашуланса «қу бас шал, сөйлеме» деп айтатын болды. Байбөрі мұны естіп: «Құдай өзіме бермесе, бұл маған бала болып жарытпайды екен», деп, әулие қоймай қыдырып, Бабай Түкті шашты Әзіз деген әулиеге түнеді.
Әулие Байбөріге жәрдем болып, бір ұғыл, бір қыз берді. «Ұлдың атын – Алпамыс, қыздың атын – Қарлығаш қой. Ұлың он жасында ел ұстайды, атса оқ өтпейді, шапса қылыш кеспейді, отқа салса күймейді, суға салса батпайды, өзің хан боласың», деді. Байбөрі үйіне келді, қатыны жүкті болып, тоғыз ай, он күнде бала туып, ұлының атын Алпамыс қойды. Артынан бір жасар болып Қарлығаш туды.
Алпамыстың өсіп, хан болуы және Күлбаршынды іздеп алуы
Байбөрі Шекті деген елде Сарыбай деген байдың Күлбаршын деген жалғыз қызына құда түсті. Алпамыс он жасқа келгенше артынан бала тумаған соң, Сарыбай ойлады: «Менің күйеуім жалғыз болды, мұның көзі олай-бұлай болып кетсе, қызым Ұлтанға қор болады екен», деп Қытайға қашып көшіп кетті, қызын бермеймін деп.
Алпамыс он жасқа келгенде алар бүркіт қабақты, алма мойын сабақты Қоңырат деген елге хакім болды. «Менің әкеме тіл тигізген құл сенбісің», деп Ұлтанның құлағын кесіп, табанын тіліп қойға салды. Алпамыстың ойнап жүріп жұмырығымен ұрған балалары мойны үзіліп өлетұғын болды.
Бір кемпірдің баласымен ойнап жүріп ұрса, баласы өліп қалды. Кемпір айтты: «Әй, Алпамыс, елдің бекерге баласын қыра бергенше қайратың болса Қытайға қашып кеткен қайын атаң Сарыбайдың қызы Күлбаршын сұлу деген сенің жарың еді, соны барып алсаңшы». Алпамыс мұны естіп, әскер жиып, күндіз-түні тынбай, аттан жерге қонбай, көп адамдарды қырып, қырық құл, қырық күңменен қатынын алып келді.
Алпамыс он жасқа келгенде алар бүркіт қабақты, алма мойын сабақты Қоңырат деген елге хакім болды. «Менің әкеме тіл тигізген құл сенбісің», деп Ұлтанның құлағын кесіп, табанын тіліп қойға салды.
Тайшықтың жылқыны ұрлауы және Алпамыстың жолға шығуы
Алпамыс қатынын іздеп кетсе, үйіндегі жылқысын Тайшық деген қалмақтың ханы келіп алып кетті. Алпамыс келгенде алдынан шығып, Байбөрі бай айтты: «Тумай кеткір, Алпамыс, көрінбе менің көзіме. Еш қайратың тимеді адам болып өзіме. Тайшық алды жылқымды, құртып кетті мүлкімді. Тұр алдымнан, кет. Тайшықтан кекті ал, ала алмасаң кегімді, бенде боп сонда қал».
Алпамыс атқа салдым тегілдірік терлікті, Қаратауда мен көп сүрдім беклікті деп айтып, Шұбарды алып келді, мойнына тақты тұмарды. Бейсенбі күн бесінде Тайшыққа қосын шығарды. Елі-жұрты жиылып, алдына келіп айтты: «Әй, Алпамыс, жалғыздық бір Аллаға жарасқан, басқаға жарасқан емес, көп әскермен барыңыз». Алпамыс айтты: «Бұ сөзің мақұл, алай болса да, Құда қаласа, жалғыз өзім барамын, дұшпанды жеңіп аламын».
Мәстек кемпірдің тұзағы және Алпамыстың тұтқынға түсуі
Алпамыс үйден шыққан күні жылқы алып барған қалмақтың ханы түс көріп, түсінен шошып оянып, елі-жұртын жиып алып, түсін айтты. Ол түсінде бір арыслан өзіне шабатұғын көрді, қаланың аузын қан қылды, қақпаның аузын шаң қылды. Тайшық хан: «Жиделі Байсын жерінен, Қоңырат деген елінен Алпамыс атты жас берен атқа мінген бола ма?» деп сұрады.
Мәстек кемпір түре келіп айтты: «Әй, тақсыр, менің бір тілегім бар, соны қабыл қылсаңыз, ол дұшпаныңызды мен бенде қылып байлап алып әкеліп берейін». Хан айтты: «Не тілегің бар? Алпамысты байлап алып келсең, не тілесең де берейін». Мәстек айтты: «Менің жалғыз таз балам бар еді, соған жалғыз қызың Қаракөзайымды берсең, мен дұшпаныңызды әпкелейін». Хан айтты: «Құп, әпкелсең, беремін».
Мәстек ханның қызы Қаракөзайымды бас қылып, қырық қыз алып, қырық бөтелке арақ алып, қырық отауды түйеге артып алып, қырда Тасқала деген қарауыл панасына бес жүз кісіні қарауылға жіберіп, менен түтін шықса дайын болыңдар деп, Алпамыстың келетұғын жолына қырық отауны тігіп, арқаны жиып, ойынларын ойнап жата берді. Алпамыс келіп, мәстек кемпірді көрді. Кемпір жылап тұрды.
Алпамыс сұрады: «Далада тұрған, шешеке-ау, мұнша неге жылайсың, айтпаймысың сырыңды?» Мәстек айтты: «Жиделі Байсын жерінде, Қоңырат деген елінде Байбөрі деген ер еді. Байбөрінің жылқысын Тайшық хан алып жөнеді. Қырық балам менің бар еді, қырқы бірдей нар еді. Алдынан шықты жылқының, таласқан соң малына, бәрін де Тайшық өлтірді. Келеді деп есітіп, кегімді алып берер деп, жолыңызда тұр едім».
Зынданда жату және Қаракөзайымның жәрдемі
Алпамыс ойлады: «Бұ кемпір мұсылман екен, мұсылман менің шешем болды, мұның қырық баласы бірдей менің малыма таласамын деп өліпті, енді мұның үйіне барып көңілін көтеріп, бір күн дем алып кетейін». Мәстек кемпір Алпамысты алдап, арақ ішіріп мас қылды. Отауды өртеп, түтін шықты. Тасқала деген қаладан әскер жетіп келіп, Алпамыстың үстінен отын ашып көріп, от ішінде байлап ап, мас болып жатқан күйінде Тайшық ханның алдына бәнде қып алып келді.
Хан Алпамысты көріп: «Өлтіріңдер», деп жендетке әмір қылды. Жендеттер отқа салды күймеді, суға салды батпады, қылыш кеспеді, оқ өтпеді, дарға тартты өлмеді, әр не қылды болмады. Шұбар ат жануар алдына келгенді тістеп, артына келгенді теуіп, ешкімді маңайына жолатпады. Алпамысты өлтіре алмаған соң, тағы кемпірге берді, не қылсаң да, өзің қыл, деп.
Отқа салды күймеді, суға салды батпады, қылыш кеспеді, оқ өтпеді, дарға тартты өлмеді, әр не қылды болмады. Шұбар ат жануар алдына келгенді тістеп, артына келгенді теуіп, ешкімді маңайына жолатпады.
Хан айтты: «Қызым бүгінде он жаста, жиырма жасқа жеткенде балаңа беремін», деп уағда қылды. Кемпір Алпамысты қырық құлаш зынданға салдырды, Шұбар атты темір үйге байлап қойдырды, айында бір, аптада бір нәр таттырып, Тайшық қалмақ: «Әбден арықтаған соң мінермін», дейді. Алпамыс жеті жыл жатты.
Қаракөзайым он жеті жасқа келді. Оның жүз қоңыраулы серкесі бар еді, оны Кейқуат деген бір тазша бағар еді. Бір күні екі серке сүзісіп жүріп, зынданға Алпамыстың үстіне түсіп кетті. Кейқуат келіп айтты: «Ей, Алпамыс, серкемді шығарып бер, тірі болсаң». Алпамыш: «Мен бұ зынданнан шықсам, сені мұратыңа жеткізермін, сен мені бақ, қайтесің, серкенің күніне біреуін маған беріп тұрсаңшы».
Зынданнан босану және қалмақтарды талқандау
Кейқуат серкенің күнде біреуін Алпамысқа беріп тұратұғын болды. Бір күндерде серкенің әммесін жеп бітірді. Кейқуат келіп Алпамысқа айтты: «Ей, тақсыр, серке ада болды, енді қызға не деп жауап беремін?» Алпамыс айтты: «Маған ұста саймандарын келтіріп бер». Кейқуат келтіріп берді. Алпамыс серкенің сүйектерінен шылдырман деген сыбызғы жасады. Оны Кейқуатқа беріп: «Қыздардың келе жатқан жолына бұғып жатып тарт».
Бір күні қыздар саяға шығып бара жатқанда сыбызғыны тартыпты. Қыздар дауысын есітіп, тауып алып, сырнайды қолдарына алып қарады. «Кім қылды?» деп сұрады, айтпады, бауырын отқа қақтап, бұтын отқа таптады, сонда да айтпады. Ханның қызы Қаракөзайымға ақыл түсіп, аулақ жайға апарып, Кейқуаттан жауап сұрап, сырын білді. Қыз Алпамысты зынданнан шығарып алды.
Қыз Алпамыс билән жауаптасты. Алпамыс қызға айтты: «Сен мені бұ зынданнан шығарсаң, сені алармын». Қыз айтты: «Қайтып шығарамын?» Алпамыс: «Мені өз атымнан басқа нәрсе шығара алмайды». Қыз айтты: «Атың патшаның қолында, темір үйде байлаулы, айда бір, аптада бір нәр татып тұрады, оны қайтып аламын?» Алпамыс айтты: «Менің бір киімімді ішіңнен киіп, диуана болып барсаң, менің исімді алса, Шұбар ат тіреуді бұзып шығады».
Қыз, айтқанындай, пердемен бетін жасырып, ханға амалын асырып, басына күлә киіп, астына есек мініп, қоржын салып, қолына аса алып, ханның ордасына ақтап келді. Шұбар ат Алпамыстың исін алып, темір үйді талқан қылып бұзып шығып, диуананың қасына барып иікеп тұрды. Жасауыл мұны көріп ханға баян қылды. Хан диуананы шақырып келтірді. Хан диуанадан жауап сұрады: «Ей, диуана, сен не қылған адамсың, Алпамыстың өзімісің, көрер көзімісің?»
Қызы айтты: «Ей, тақсыр, хан болсаң да ақыл қайда кеткен, Алпамыс мендей он қиса емес пе, қалай айтасыз? Мен жаңа пері күнімде Жиделі Байсынға барған едім, сонда бұ ат құнан күні екен, енесін арда емеді екен, сонда ауырған екен, мен үш күн түкіріп бағып едім, сонда жазылып еді». Хан бұ сөзге инанып айтты: «Олай болса маған осы атты үйретіп беруге қолыңнан келсе үйретіп бер, көп инғам қылайын». Қыз атының беліне қырық арқанды қабаттап байлап, зынданнан Алпамысты шығарып алды.
Елге оралу жолы: әкесі мен бабасымен кездесу
Алпамыс батыр зынданнан шығып алған соң, жарағын алды сайланып, қалмаққа қарап жүрді. Қаланың аузын қан қылды, қақпаның аузын шаң қылды. Тайшық хан енді жалғасты, жекелесіп қалады. Алпамыстың аруағы Тайшықтың үстін басады. Қуып жетіп Алпамыс, Тайшық ханды шаншады. Алпамыс көп қалмақты қырады, Мәстек кемпірді ұстап алып, құлағын кесті құнтитып, мұрнын кесті тымпитып, екі көзін ойып ап, қу басын қойды сымпитып.
Алпамыс ханның қызы Қаракөзайымды өзі некелеп, қырық қызының басы Нарзангүл деген қызды Кейқуатқа қосты, жұртын әбден қиратып, Кейқуатты хәкім қылып, сол елде бір ай жатты. Алпамыс неше медет жол жүріп еліне келді. Жиделі Байсын өзенінің аяғынан өрлеп келе жатса, көп жылқыға кез болды. Қараса, өзінің жылқысы екен. Аралап келе жатса, алдында көк шатыр көрді.
Ол шатырға келіп ішіне көзін салса, ішінде бес бек ұйықтап жатыр. Бұ жағына қараса өзінің немере ағасы Тортайы бір қолында шәйнек, бір қолында отыны, келіп от жағып, мосыға шәйнек асып, көсеуін маңдайына қойып төмен қарап отырады. Алпамыс Құлтаймен амандасып көрісіп, таныса берді. Ол бесеуі бұрынғы Алпамыстың отыншы, сушы, қозышы құлдары екен.
Жәдігермен кездесу және тойда болған оқиғалар
Құлтай тойға келсе, Ұлтан тойын қылып, көкбарына құнан атан беріп жатыр екен. Құлтай келе салып, көкбарды сирағына байлап, ерінің қасына іліп, тақымына басып ала жөнелді. Ұлтан: «Менің заманымда сіздерге көрмеген қызықты көрсетейін», деп, анау Алпамыстың жеті жасар баласы Жәдігерді тарт, дейді. Жастар, Алпамыстың қадірін білмейтұғын ақымақ бозбасылар баланы алдына салып айдап келеді.
Жетім қалып жасымнан
Жаманнан жедім жұдырық.
Әуеден ұшқан дуадақ,
Ұлтанға жарлық тиген соң,
Иі болмаған қайыстай
Көрсетті қорлық уалап.
Құдіреті күшті Құдайым,
Бір өзіңе жылайын.
Ұлтанды жазалау және әділдікті қалпына келтіру
Алпамыс диуана болып ақтап, ауылға келіп, Ұлтанның тұсында тұрып өлең айтты. Ұлтан айтты: «Мына диуананың ғазалы маған жақпайды, біреуің арман айдап жібер». Күлбаршын сұлуды аулақ үйге бақтырып қойған екен. Алпамыстың дауысын есітіп еді: «А, дариға, мына диуананың лепестарі болмаса, дауысы, мысалы менің бегімнің дауысына ұқсайды екен», деп, алдында қызметкер – Мапия деген шорасы бар еді, соның қолына сегіз тіллә беріп, анау диуанаға бал аштырып кел, дейді. Алпамыс атының басын бұрып алып, Күлбаршынға келіп өлең айтты.
Алпамыс Ұлтанды етегінен ұстады. Ұлтан хан топтан шыға қашады. Жібермеді Алпамыс, албастыдай басады. Артынан келіп Жәдігер, найзаменен шаншады. Баласына береді, артынан өзі ереді. Домалатып ойнайды, үйге әпкеліп байлайды. Тірідей терісін сояды, майын ит жеп тояды. Тірсегінен Ұлтанды бір ағаштың басына салбыратып ілдірді.
Ер Алпамыс ал сонда
Атасын таққа міндірді,
Барша жұртты көндірді.
Тәңірінің берген бағымен
Атасына Алпамыс
Көрмегенін көрдірді.